Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты қалай өтеді

Жарияланған күні:

Димаш Құдайберген
Димаш Құдайберген. Фото: VCG/VCG via Getty Images

8 қыркүйекте Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтеді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, іс-шараға 3 000-ға жуық өнерпаз қатысады. 8 қыркүйекте сағат 16:00-де Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты алдында қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді. Бағдарламада музыка, би және дәстүрлі өнер арқылы қазақ мәдениетінің сан алуан байлығы көрермен назарына ұсынылады.

Көшпенділер ойындарының ресми ашылуы сағат 19.00-де басталады. Салтанатты шарада заманауи сахналық технологиялар мен мультимедиялық дизайн қолданылған, 2 сағаттық ауқымды музыкалық-театрландырылған қойылым көрсетіледі.

"Ашылу салтанаты дәстүрлі түрде спорт делегацияларының шеруінен басталып, соңында Қазақстанның Халық әртісі Димаш Құдайбергеннің орындауындағы халықтар достығы мен бірлігі туралы музыкалық композициямен түйінделеді. Көрермен үшін "Qazaqstan", "Qazsport", "Jibek Joly", "Хабар" телеарнасында тікелей эфир ұйымдастырылады", - делінген министрліктің хабарламасында.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының басты тақырыбы "Ұлы дала дүбірі" ұраны болмақ. Қатысушылар ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, дәстүрлі зияткерлік ойындар, жекпе-жек, садақ ату және халық ойындары сияқты 21 спорт түрінен бақ сынайды. Барлығы 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындары көшпенді халықтардың ұлттық спорты мен мәдени мұрасын насихаттауды мақсат етеді. Алғашқы ойындар 2014 жылы Шолпан-атада (Қырғыз Республикасы) өтті. Содан бері екі жылда бір рет ұйымдастырылып келеді.

Еске салайық, Астанада өтетін Көшпенділер ойындарының билеттері қанша тұратынын жазған едік.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2158050-koshpendiler-oiyndarynyng-ashylu-saltanaty-qalai-otedi/