Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Екі дүркін Паралимпиада чемпионы Давид Дегтярев туралы не білеміз

Жарияланған күні:

Давид Дегтярев
Давид Дегтярев. Фото: FRANCK FIFE/AFP via Getty Images

Франция астанасы Парижде өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында қазақстандық спортшы Давид Дегтярев пара пауэрлифтингтен алтын медаль жеңіп алды. KAZ.NUR.KZ тілшісі Қазақстаннан шыққан тұңғыш екі дүркін Паралимпиада чемпионы туралы деректер ұсынады.

Давид Дегтярев Париж Паралимпиадасында 54 кг дейінгі салмақта бақ сынады. Ол 188 кг салмақты еңсеріп, 10 спортшының ішінде топ жарды. Осылайша Қазақстан тарихындағы тұңғыш екі дүркін Паралимпиада чемпионы атанды.

Қазақстандық спортшы 1996 жылы Ақмола облысының Атбасар қаласында дүниеге келген. Ол пара пауэрлифтингпен 2016 жылдан бері айналысады.

Давид Дегтяревтың спортқа келуі де ерекше. Индустриалды-техникалық колледжде оқып жүрген шағында досы оны жаттығуға шақырған.

"Жарты жылдай айналысып көрдім, маған ұнады. Сол кезде үнемі жаттығу залына барып жүрдім. Сол жерде Ксения Полукарова есімді бапкермен таныстым. Ол кісімен залда бірге жаттығатынбыз, ол маған барлық техниканы үйретіп, бағыт-бағдар берді. Уақыт өте келе нәтиже шыға бастады. Содан соң ол мені өзінің жаттықтырушысы Юрий Николаевич Колесниковпен таныстырды. Ол қазіргі жаттықтырушым, сол кезде Ксенияның да жаттықтырушысы еді. Ол мені республикалық деңгейге шығарды", - деді Давид Дегтярев.

Давидтің алғашқы ресми жарысы 2016 жылы Көкшетауда өткен облыстық спартакиада еді. Давид бұл жарысты спорттық мансабындағы алғашқы маңызды кезең ретінде санайды. Осыдан кейін ол республикалық деңгейде өнер көрсетіп, Қазақстанның атынан Дубайда өткен әлем кубогіне қатысу мүмкіндігіне ие болды.

28 жастағы Давидтің халықаралық дәрежедегі алғашқы жүлдесі 2018 жылы III Азия пара ойындарында жеңіп алған күміс медаль болды.

Давид Дегтярев
Қазақстандық спортшы Давид Дегтярев. Фото: Christopher Jue/Getty Images for International Paralympic Committee

Давид 2021 жылы Тблисиде өткен әлем кубогінде 185 кг салмақты еңсеріп, Азия рекордшысы атанды. Сол жылы Токиода жалауын түрген Олимпиада ойындарында 174 кг салмақты көтеріп, алтын медаль жеңіп алды.

Дегтярев – парапауэрлифтингтен екі дүркін әлем чемпионы. Ол 2021 жылы Тбилисиде (Грузия) өткен жарыста 178 кг көтерсе, 2023 жылы Дубайда (БАӘ) өткен турнирде 2 келіге (180) артық салмақты еңсеріп, алтын жүлде еншіледі.

Қазақстандық пара спортшы Давид Дегтярев
Қазақстандық пара спортшы Давид Дегтярев. Фото: Нұрғали Жұмағазы

Қазақстандық спортшы 2023 жылы Ханжоуда (Қытайда) болған IV Азия Пара ойындарында да алдына жан салған жоқ. Бұл бәсекеде ол 186 кг cалмақты еңсеріп, Қазақстан қоржынына алтын жүлде салған еді.

Еске салайық, Давид Дегтярев Паралимпиада ойындарындағы жеңісі үшін мемлекет тарапынан қанша сыйақы алатынын жазған едік.

Париж Паралимпиадасы 8 қыркүйекке дейін болады. Жарысқа 182 мемлекеттен 4400 спортшы қатысып жатыр. Байрақты бәсекеге Қазақстаннан 44 спортшы аттанған болатын. Қазір ел қоржынында 2 алтын, 2 күміс, 1 қола жүлде бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2158125-eki-durkin-paralimpiada-chempiony-david-degtiarev-turaly-ne-bilemiz/