Қазақстандық пара дзюдошы Ақмарал Науатбек Парижде өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды. KAZ.NUR.KZ пара дзюдодан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Паралимпиада чемпионы туралы деректер ұсынады.
Ақмарал Науатбек 1999 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Спорттық мансабын 11 жасында бастаған. Ол 2017, 2018 және 2019 жылдары дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионаттарына қатысты. 2021 жылы көру қабілеті нашарлағаннан кейін спортшы паралимпиадалық дзюдоға ауысқан.
25 жастағы дзюдошы 2022 жылы Бакуде өткен әлем чемпионатында 48 кг салмақ дәрежесінде жеңіcке жетті. Ол финалда Франция өкілі Ауриерес Мартинет Сандринді айқын басымдықпен ұтып, жеңіс тұғырына көтерілді. Осылайша, Қазақстан тарихындағы пара дзюдодан әйелдер арасында тұңғыш әлем чемпионы атанған болатын.
Ақмарал Науатбек 2022 жылы Мәди Амангелді есімді дзюдошыға тұрмысқа шыққан. Спортшы желідегі парақшасында отбасылық суреттерін жиі жариялап тұрады.
Ақмарал Науатбек 2023 жылы Ханчжоуда (Қытай) өткен Азия Пара ойындарында ел қоржынына алтын жүлде салды. Сол жылы Токиода (Жапония) өткен IBSA турнирінде де топ жарған болатын.
Кеше, 5 қыркүйекте Ақмарал Науатбек Паралимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Ол 48 кг салмақ дәрежесінде (J2 санатында) белдесіп, финалда тәжірибелі франциялық спортшы Сандрин Мартинеттен басым түсті (10:0). Осылайша Қазақстан тарихындағы дзюдодан тұңғыш Паралимпиада чемпионы атанды.
Ақмарал Науатбек Паралимпиада чемпионы атанғаннан кейін оны мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құттықтады.
"Ақмарал Науатбекті Паралимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алуымен құттықтаймын! Сіз ел мерейін асырып, спорт жанкүйерлеріне зор қуаныш сыйладыңыз. Қажырлы еңбек пен қайтпас қайсарлықтың арқасында ең мықты қарсыластарыңыздан басым түстіңіз. Жеңісті күндеріңіз көп болсын!" – деп жазды Президент өзінің Х әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қазақстандық дзюдошы Паралимпиада финалынан кейінгі әсерін бөлісіп, қарсыласы туралы айтқан еді.
"Мен өте қуаныштымын. Әрине, қатты қобалжыдым. Қарсыласым өз елінде күресті. Өздеріңіз де оған деген қолдау қандай болғанын естіген шығарсыздар. Бірақ мен қорқынышымды жеңе білдім, алтын ұтқаныма өте қуаныштымын. Бұл қарсыласым маған бұрыннан таныс, әлем чемпионатында кездескен едім. Ол физикалық тұрғыдан өте қиын қарсылас", - деді Ақмарал Науатбек Qazaqstan телеарнасына берген cұқбатында.
Осыған дейін Қазақстаннан шыққан тұңғыш екі дүркін Паралимпиада чемпионы туралы Давид Дегтярев туралы деректер жазған едік.
Қазір Қазақстан құрамасының еншісінде Париж Паралимпиадасының 5 жүлдесі бар. Пара пауэрлифтингтен Давид Дегтярев және пара дзюдодан Ақмарал Науатбек алтын жүлдені қоржынға салса, пара оқ атудан Еркін Ғаббасов және пара жүзуден Нұрдәулет Жұмағали күміс, ал пара жеңіл атлетикадан Дастан Мұқашбеков қола жүлде жеңіп алды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2158158-dziudodan-qazaqstan-tarihyndagy-tunggysh-paralimpiada-chempiony-aqmaral-nauatbek-turaly-ne-bilemiz/