Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Сметовке үш бөлмелі, Қырғызбаевқа бір бөлмелі пәтер: Қуанышбек Есекеев дзюдошыларды марапаттады

Жарияланған күні:

Қуанышбек Есекеев пен Елдос Сметов
Қуанышбек Есекеев пен Елдос Сметов. Фото: Дзюдо федерациясы

Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев дзюдошылар Елдос Сметов, Ғұсман Қырғызбаев және Әбиба Әбужақынованы, сондай-ақ бапкерлер мен басқа да қызметкерлерді марапаттады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Дзюдо федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке Астана қаласынан үш бөлмелі пәтер кілті, ал Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевқа елордадан бір бөлмелі пәтер кілті сыйға берілді. Сондай-ақ әлем чемпионатының қола жүлдегері, Олимпиада ойындарында 5-орын алған Әбиба Әбужақыноваға 5 млн теңгенің сертификаты табысталды. Спортшылардың жеке жаттықтырушылары мен ұлттық құраманың әрбір жаттықтырушысына, ғылыми-кешенді топ өкілдеріне тиісті дәрежеде құрмет көрсетілді.

Қуанышбек Есекеев пен Ғұсман Қырғызбаев
Қуанышбек Есекеев пен Ғұсман Қырғызбаев. Фото: Дзюдо федерациясы

Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменовке 3 миллион теңгенің сертификаты берілді. Ал Қазақстан әйелдер ұлттық құрамасының бас бапкері Ерлан Алпысбаев 2 миллион теңге, кеңесші-бапкер Стефано Трено 3 миллион теңге сыйақы алды.

Қуанышбек Есекеев пен Әбиба Әбужақынова
Қуанышбек Есекеев пен Әбиба Әбужақынова. Фото: Дзюдо федерациясы

Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев және Олимпиаданың қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаевтың жеке жаттықтырушысы Ермек Насиев, әлем чемпионатының қола жүлдегері Әбиба Әбужақынованың жеке жаттықтырушысы Мейіржан Есмағанбетовке 3 млн теңгенің сертификаты табысталды.

Елдос Сметовтің жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев марапатталды
Елдос Сметовтің жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев марапатталды. Фото: Дзюдо федерациясы

Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы Ғайнулла Есенғалиев 2 миллион теңге, әйелдер құрамасының аға жаттықтырушысы Ермек Насиев 1 миллон теңге, кеңесші-бапкер Мондекс Ксавье Бруно 2 миллион теңге, ал ерлер құрамасының жаттықтырушылары Еркебұлан Қосаев пен Елдос Жұмақановтың әрқайсы 2 миллион теңгенің сертификатына ие болды.

Дзюдошылар мен бапкерлер марапатталды
Дзюдошылар мен бапкерлер марапатталды. Фото: Дзюдо федерациясы

Сонымен қатар ұлттық құраманың ғылыми-кешенді топ өкілдері, атап айтқанда, дәрігері Ахмед Гасанов, массажистер Сайлау Ерғали мен Сайранға да ақшалай сертификаттар табысталды.

Дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасынан Париж Олимпиадасына 8 дзюдошы қатысып, екеуі медаль жеңіп алған еді. Елдос Сметов Олимпиада чемпионы атанса, Ғұсман Қырғызбаев қола жүлде еншіледі. Дзюдодан Қазақстан құрамасы Париж Олимпиадасын 122 ел ішінде 7-орынмен аяқтаған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2158605-smetovke-ush-bolmeli-qyrgyzbaevqa-bir-bolmeli-pater-quanyshbek-esekeev-dziudoshylardy-marapattady/