Дзюдодан Париж Паралимпиадасының чемпионы Ақмарал Науатбек елге оралып, алдағы жоспары туралы айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Бүгін, 10 қыркүйекте Ақмарал Науатбек бастаған Паралимпиада чемпиондары мен жүлдегерлері елге оралды. Ақмарал Науатбек ыстық ықыласпен күтіп алған жұртшылыққа алғыс айтты.
"Бізге осындай құрмет көрсетіп келгендеріңізге, уақыт бөлгендеріңізге алғыс айтамын. Жеңісімді қазақ еліне арнаймын. Бұл жеңіс бәрімізге ортақ. Үлкен жұмыс пен еңбектің нәтижесі. Бапкерлерімізге, дәрігерлер мен массажистерге, құрамаға рахмет. Біздің құрама бір отбасыдай болып барып, үлкен жеңіске жетіп отыр", - деді Паралимпиада чемпионы.
Ақмарал Науатбек журналистерге берген сұқбатында "Лос-Анджелес Паралимпиадасына барасыз ба? "деген сұраққа жауап беріп, ендігі мақсатын айтты.
"Әзірге айта алмаймын. Қазір демалып, денсаулығымды дұрыстап, кейін ойланып көруге болады деп ойлаймын. Давид Дегтярев осы жолы екі дүркін Паралимпиада чемпионы болды. Мен де солай екі дүркін Паралимпиада чемпионы болсам деген ниетім бар. Алдағы мақсатым енді сол болады", - деді Ақмарал Науатбек.
Айта кетейік, Ақмарал Науатбек Париж Паралимпиадасында дзюдодан 48 кг салмақ дәрежесінде сынға түсіп, финалға дейін жетті. Ол ақтық сында франциялық спортшы Сандрин Мартинетті 10:0 есебімен жеңіп, алтын медаль еншілеген болатын. Осылайша, дзюдодан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Паралимпиада чемпионы атанды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2159484-aqmaral-nauatbek-endigi-maqsatym-eki-durkin-paralimpiada-chempiony-bolu/