Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында АҚШ командасын жеңіп, жартылай финалға өтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Астанадағы "Қазанат" ипподромында өткен көкпардың бірінші кезеңінде Қазақстан құрамасы 5, АҚШ командасы 3 салым салды. Екінші кезеңде де қазақ көкпаршылары жеңісті берген жоқ. Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 12:4 есебімен басым түсті.
Енді ертең, 10 қыркүйекте Қазақстан құрамасы жартылай финалда Ресей командасымен кездеседі.
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарындағы көкпар жарысына 9 мемлекеттен 104 спортшы тіркелген еді. Оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан, АҚШ, Ресей, Қырғызстан, Мажарстан, Қытай, Моңғолия және Түркия мемлекетінің құрамалары бар.
Айта кетейік, қазір Қазақстан 14 алтын, 3 күміс, 8 қола жүлдемен Көшпенділер ойындарының медаль кестесінде көш бастап тұр. Екінші орынға Қырғызстан (3-7-4), үшінші орынға Ресей (3-2-5) жайғасқан.
13 қыркүйекке дейін жалғасатын V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына әлемнің 89 елінен 2430 спортшы қатысып жатыр. Байрақты бәсекеде 21 спорт түрі бойынша 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2159517-kokpardan-qazaqstan-quramasy-koshpendiler-oiyndarynda-aqsh-komandasyn-zhengdi/