Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Америкалық ковбой қазақ жылқылары туралы кітап жазуды жоспарлап отыр

Жарияланған күні:

Уилл Грант
Уилл Грант. Фото: newmexicomagazine.org

Америкалық жазушы, журналист және АҚШ көкпар құрамасының мүшесі Уилл Грант Қазақстан жылқылары туралы кітап жазуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Kazinform агенттігіне берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Уилл Грант Колорадо штатында дүниеге келген және сол аймақта өскен. Колледжді тәмамдағаннан кейін Колорадо, Вайоминг және Техас штаттарында ковбой және ат баптаушы болып жұмыс істеген. 2008 жылы Уилл Грант журналистік мансабын бастап, аттар тақырыбын зерттеуді жалғастырған.

2023 жылы Уилл Грант "The Last Ride of the Pony Express" (Пони-экспресстегі соңғы сапар) атты кітабын жарыққа шығарды. Бұл еңбегінде пони-экспресс маршруты арқылы жасаған ерекше сапары туралы баяндаған. 2019 жылдың жазында Миссури штатынан Калифорнияға дейін 3200 шақырым жолды атпен жүріп өткен.

"Мен бала кезімнен жылқыларды жақсы көремін, атқа мінуді ұнатамын. Бұл мен үшін қалыпты дүние. Мен пони-экспресс туралы кітап жаздым. Бұл – Америкада поштаны бір жерден екінші жерге жеткізетін жылқылар. Олар Шыңғысханның жылқылары секілді өте жылдам. Бұл кітапта 3200 шақырым жол жүріп өткеніміз туралы жаздым. Осы кітабымды Қазақстанға алып келдім", - деді Уилл Грант.

Енді Уилл Грант жаңа кітабын адамдар мен жылқылар арасындағы ежелгі байланысқа арнамақшы. Оның айтуынша кітапта жылқыны алғаш қолға үйреткен кезден бастап, жылқылардың адамдарға қалай көмектескені туралы мәселелер баяндалады.

"Мен адамдардың жылқыны қалай қолға үйреткені туралы жазғым келеді. Осы уақыт аралығында не өзгерді және бұл нәрсе адамдар үшін қандай мәнге ие? Мысалы жылқылар адамдарға қалай көмектесті деген сұраққа жауап іздеймін. Қазақстанда бұл қарым-қатынас өте табиғи, үйлесімді түрде жүрді деп ойлаймын. Мен негізінен қазақ жылқыларына тоқталғым келеді. Өйткені Қазақстан – дала жүрегі. Бұл үлкен ел, онда әртүрлі жылқы тұқымы бар", - деді Уилл Грант.

Жазушы ең алдымен қазақ жылқыларының ерекшеліктерін зерттемекші. Көшпенділер ойындарынан кейін Грант келесі жылы наурыз айында Қазақстанға қайтып оралып, жан-жақты зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар Уилл Грант Қазақстанмен қатар Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғызстанның жылқыларын зерттемек. Ол кітабын үш жыл ішінде аяқтауды көздеп отыр.

Айта кетейік, бүгін, 10 қыркүйекте көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы Астанада өтіп жатқан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында АҚШ командасын жеңіп, жартылай финалға өтті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2159602-qazaqstan-dalanyng-zhuregi-amerikalyq-kovboi-qazaq-zhylqylary-turaly-kitap-zhazudy-zhosparlap-otyr/