Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Көшпенділер ойындары: бүгін қай спорт түрлерінен жарыстар өтеді

Жарияланған күні:

Қазақстан құрамасы
Қазақстан құрамасы. Фото: Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының баспасөз қызметі

Бүгін, 11 қыркүйекте Астанадағы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының төртінші жарыс күні өтеді. Қазақстан құрамасы 48 медальмен көш бастап тұр, деп KAZ.NUR.KZ "Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының" баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы сағат 11.00-де Ресей командасымен кездесіп, финалға жолдаманы сарапқа салады. Жарыс "Қазанат" ипподромында өтеді.

Ипподромда сағат 15.00-де көк бөрүден жартылай финал ойындары басталады. Қазақстан мен Түркия, одан кейін Қырғызстан мен Ресей құрамасы өз араларында финалға кім шығатынын анықтайды.

Ал ипподром маңындағы этноауылда сағат 9.00-де жамбы ату спортының жамбы стилінен қазақстандық спортшылар сынға түседі. Қазақстан құрамасы сапында Айтбек Сарыбай, Ералхан Айкөз, Батыр Бексауыт, Абзал Тулыбеков өнер көрсетеді.

Этноауылда сағат 10.00-де powerful nomad спортынан абсолютті салмақ дәрежесінде Азамат Мақұлбеков сынға түседі. Финал 16.00-де өтеді.

"Арғымақ" ат-спорт кешенінде сағат 10.00-де дәстүрлі садақ атудан үшінші жарыс күні "Жамбы" нысанасы бойынша іріктеу сыны басталады. Қазақстан құрамасы сапынан 10 спортшы қатысады. Әйелдер: Динара Жақсылықова, Фариза Сабыржан, Айкөркем Батихан және Ажар Төлеуқанова. Ерлер: Ербол Тапенов, Бақберген Сәлімов, Қасымхан Қанат, Марат Бексұлтан, Мақсат Әбдікерімов және Жәнібек Құлмырзаев.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында сағат 10.00-де қырғыздың ұлттық белбеу күресі алыштан ерлер мен әйелдердің әрқайсы 6 салмақ дәрежесінде сынға түседі. Ел намысын ерлер арасында Қалмұхан Тұрмаханбет (60 кг), Нұржан Сарсенғалиев (70 кг), Әділет Жаңбыршы (80 кг), Біржан Шаймерден (90 кг), Бекбол Нұрланұлы (100 кг), Нұрдаулет Жарылғапов (+100 кг) қорғайды. Әйелдер арасында Назерке Әбілтаева (55 кг), Арайлым Ракиш (60 кг), Айнұр Ақжігітова (65 кг), Асылжан Орынбасарова (70 кг), Перизат Нұрланқызы (75 кг) және Арайлым Оразбай (+75 кг) сынға түседі.

"Алау" мұз сарайында сағат 10.00-де арқан тартыстан іріктеу сыны басталады. Ерлер арасындағы сынға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Пәкістан және Англия құрамасының 87 спортшысы қатысады. Әр құрамадағы спортшылардың салмағының қосындысы 720 килограмнан асып кетпеуі керек. Ал әйелдер арасында (560 кг) 4 құрама тіркелді. Олар, Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстан. Ал жүлделі орындар сағат 17.30-да сарапқа салынады. Ұлттық құрама сапында Ермек Жапишев, Азамат Уалиев, Дінислам Шакиртов, Руслан Жамбулов, Дамир Байгонов, Станислав Пеняев, Артем Супанев, Даурен Шарипов, Тимур Ендоянов, Алмас Жүніс бар. Әйелдер құрамасы: Айгерім Жұманова, Айжан Бейсебаева, Аңсаған Шаяхметова, Разия Мұсабаева, Алия Шакирова, Айнұр Сүйіндікова, Нұрсәуле Рахматуллина, Мадина Шыңғысбаева, Ақжан Қайырбаева, Айнагүл Байжігітова.

"Алау" мұз сарайында сағат 10.00-де асық ату мен бес асықтан финалдық сын басталады. Асық атудан ерлер құрамасы Қырғызстан құрамасына қарсы ойнайды. Бес асық сайысында Қазақстан әйелдер құрамасы Ресейге қарсы өнер көрсетеді. Асық атудан ел намысын Нуркисса Молжігітов, Жомарт Нұрланов, Керім Жаздықбай, Амандос Айткұлов, бес асықтан Перизат Елемес, Камила Даниярова, Сания Әскер және Көгершін Думан қорғайды.

"Думан" қонақ үй және спорт кешенінде тоғызқұмалақтан финалдық ойындар өтеді. Тоғызқұмалақтан ұлттық құрама сапында Бексұлтан Бостандықов, Ерсұлтан Әуелбай, Мөлдір Серікқызы және Қожанасыр Аңсаған өнер көрсетіп жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2159940-koshpendiler-oiyndary-bugin-qai-sport-turlerinen-zharystar-otedi/