Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Париж Олимпиадасында қырғыз боксшысы Мұнарбек Сейітбекұлына секундант болып көмектескен өзбек бапкері Акмаль Хасановпен кездесіп, оған көлік сыйлады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Қырғызстан президентінің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Садыр Жапаров өзбек бапкерімен әңгіме барысында оның әрекеті Қырғызстан және Өзбекстан халықтарының достығы мен бірлігін дәріптегенін атап өтті.
"Бүкіл әлем Орталық Азия халықтары бірлік пен достықты көрсете отырып, бір-бірін қолдайтынын көрді. Спорт бейбітшілік елшісі дейді. Сіз осындай қадамыңызбен өзара келісімді нығайтуға үлес қостыңыз. Біздің бірлігіміз әрі қарай да нығая берсін", - деді Садыр Жапаров.
Қырғызстан президенті Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Мұнарбек Сейітбекұлы қолдауға мұқтаж болған кезде Акмаль Хасанов ерлік жасағанын айтты.
"Біздің ата-бабаларымыз өз батырларына жылқы сыйлаған. Қазір автомобиль беру әдетке айналды, бірақ дәстүр рухы өзгеріссіз қалады — бұл ерекше еңбегі үшін құрмет пен ризашылықтың көрінісі", - деді президент.
Сондай-ақ Қырғызстан президенті өзбек спортшылары Париждегі Олимпиада ойындарында жақсы нәтиже көрсеткенін айтты.
"Өзбекстан спортқа ерекше көңіл бөледі. Біз кейінгі үш жылда ғана спортшыларымызға белсенді қолдау көрсете бастадық. Бұрын біз жарыстарға қатысу үшін қаражатты уақытылы бере алмаған жағдайлар болған. Қазір мемлекет барлық қажет жағдайды жасап жатыр", - деді Жапаров.
Ал Акмаль Хасанов президентке жылы сөздері үшін алғыс айтып, Мұнарбек Сейітбекұлымен бірнеше рет кездескенін және оның секунданты болуға еш ойланбастан келіскенін атап өтті.
Айта кетейік, Мұнарбек Сейітбекұлының жеке бапкері Париж ойындарына бара алмағандықтан, боксшыға жекпе-жек барысында өзбек бапкері Акмаль Хасанов секундант болып көмектескен еді.
Сейітбекұлы 57 кг салмақ дәрежесінде финалға дейін жетіп, ақтық бәсекеде өзбекстандық Абдумалик Халоковдан жеңіліп қалды. Осылайша күміс медаль еншілеп, бокстан Қырғызстан тарихындағы алғашқы Олимпиада жүлдегері атанған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2160087-sadyr-zhaparov-olimpiadada-qyrgyz-boksshysyna-komektesken-ozbek-bapkerine-kolik-syilady/