Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Темір сатып, нан алатынмын": Елдос Сметов өміріндегі қиын кезең туралы айтты

Жарияланған күні:

Елдос Сметов
Елдос Сметов. Скриншот: youtube.com/@JibekJolyTV

Дзюдодан Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов "Түнгі студия" бағдарламасына берген сұқбатында өміріндегі қиын кезеңдер туралы айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Олимпиада чемпионы бала кезінде нан сатып алу үшін темір өткізіп ақша тапқанын жасырмады.

"Бала кезімізде көшеден темір жинап өткізген сәттер болды. Ата-анамыз жұмысқа кеткенде кейбір кезде үйде нан болмай қалып қарнымыз ашатын. Кейде ашпыз, кейде тоқпыз. 1998-99 жылдары сондай қиын кезең боп тұрды. Қазіргі таңда Аллаға шүкір әрқайсымыздың отбасымызда нанымыз бүтін. Дастарханымызда түк жоқ деген күннің өзінде нан, шай, кәмпитіміз тұрады", - деді дзюдошы.

Сондай-ақ Елдос Сметов "Жұлдыз ауруымен ауырып қалмайсың ба?" деп жатқандарға жауап берді.

"Мен ата-анамның біз үшін қалай еңбек еткенін көрдім. Оның бәрі есімде қалғаннан кейін қазір тәкаппарлыққа, жұлдыз ауруына шалдығуа жол бере алмаймын. Ауылда тұрдық, әкем қалаға кетіп, құрылыста жұмыс істеді. Анам үйде отырды. Бір тостақ ұн үшін біреудің үйін тазалаған сәттері болды. Оны өз көзіммен көріп өстім.

"Мама, қарным ашты, нан жегім келіп тұр" деген кезде анам балаларының бәрін құшақтап жылайтын. Мұның бәрі кеше болғандай көз алдымда тұр. Оны ұмытып кетсем, баршылыққа, атақ-абыройға мастанып кетсем ол менің надандығым болады деп ойлаймын. Бұл бір жағынан ата-анама жақсы өмір сыйлауға, жетістікке қол жеткізуіме, тоқтамай еңбек етуіме мотивация болды", - деді спортшы.

Айта кетейік, Елдос Сметов 60 кг салмақ дәрежесінде Париж Олимпиадасының финалында франциялық дзюдошы Лука Мхеидзені жеңіп, алтын жүлде еншілеген еді. Осылайша дзюдодан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2160427-temir-satyp-nan-alatynmyn-eldos-smetov-omirindegi-qiyn-kezeng-turaly-aitty/