Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Ауылдан шыққан алғашқы чемпион": Көшпенділер ойындарының жеңімпазы Бақыт Төлтайға жерлестері ат мінгізді (фото, видео)

Жарияланған күні:

Бақыт Төлтайға ауылдастары ат мінгізді
Бақыт Төлтайға ауылдастары ат мінгізді. Фото: Тұрғындар

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында теңге ілуден "жеті құт" стилі бойынша алтын медаль алған Бақыт Төлтайды ауылдастары сән-салтанатпен қарсы алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.

Қарсылас шақ келтірмей, Көшпенділер ойындарында алтын медаль жеңіп алған Бақыт Төлтай – Түркістан облысы Арыс қаласына қарасты Монтайтас ауылының тумасы. Дүбірлі додадан жеңіспен оралған спортшыны жерлестері Шымкент әуежайынан сән-салтанатпен күтіп алған. Оны қарсы алуға туған-туыстары, ақсақалдар, кәсіпкерлер мен ауыл жастары қатысқан.

Бақыт Төлтайды қарсы алу рәсімі
Бақыт Төлтайды қарсы алу рәсімі. Фото: Тұрғындар

Монтайтас ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Нұрсұлтан Шойбековтің айтуынша, тұрғындар мен кәсіпкерлер, ауыл жастары бірлесіп, көшпенділер ойындарының чемпионына тұлпар мінгізді. Сондай-ақ әкімдік тарапынан арнайы алғыс хат пен теледидар берілген.

Ал спортшының жеке бапкері Мадияр Жүсіпханға қаржылай сыйлық беріліп, дәстүр бойынша шапан жапқан.

Бақыт Төлтай мен Мадияр Жүсіпхан
Бақыт Төлтай мен Мадияр Жүсіпхан. Фото: Тұрғындар

"Бақыт Төлтай бауырымыз жеңіске жеткен сәтте қатты қуанып, ауыл азаматтары астына тұлпар мінгізейік деп шешті. Ол 2020 жылдан бері жарыстарға қатысып, жүлделі орындар алып келеді. Жалпы, Бақыт үлкен додаларға қатысып, біздің ауылдан шыққан алғашқы чемпион болды. Оның бапкері Мадияр Жүсіпхан да Монтайтастың тумасы.

Жарысқа қатысқан тұлпардың аты – Баққара. Ол да осы ауылымыздағы Оралхан деген ағамыздың аты. Бақыт оны үш жылдан бері баптап, жарыстарға шығып жүр", - деді Нұрсұлтан Шойбеков.

Бақыт Төлтайды қарсы алу рәсімі
Бақыт Төлтайды қарсы алу рәсімі. Фото: Тұрғындар

Оның сөзінше, қазіргі таңда ауылда спорт үйірмелері дамып келеді. Соның арқасында қазақша күрестен ауыл балалары облыстық деңгейдегі жарыстарда топ жарған. Ауыл әкімдігінің өкілі Бақыт Төлтайдың бұл жеңісі жас балаларға мотивация беретінін айтады.

Айта кетейік, Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында 90-ға жуық елден 2000-нан астам спортшы бақ сынады.

Қазақстан құрамасы 44 алтын, 33 күміс, 37 қола жүлдемен жалпы командалық есепте бірінші орын алды.

18 алтын, 21 күміс, 25 қола иеленген Қырғызстан құрамасы 2-орынға табан тіреді. Өзбекстан 11 алтын, 12 күміс, 11 қола жүлдеге қол жеткізіп, 3-орынға тұрақтады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2161522-auyldan-shyqqan-algashqy-chempion-koshpendiler-oiyndarynyng-zhengimpazy-baqyt-toltaiga-zherlesteri-at-mingizdi-foto-video/