Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Өзіме ызам келді": Елдос Сметов Олимпиадада неліктен қатты намыстанғанын айтты

Жарияланған күні:

Елдос Сметов
Елдос Сметов. Фото: youtube.com/@MaratOralgazin

Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов YouTube желісіндегі "Қызық Times" бағдарламасына берген сұқбатында ағылшын тілін білмегені үшін намыстанғанын айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.

Париж Олимпиадасының алтын еншілеген дзюдошы Елдос Сметов өзге спортшылармен ағылшын тілінде емін-еркін тілдесе алмағаны үшін қатты намыстанғанын айтты. Енді алдағы уақытта ол ағылшын тілін меңгеруге тырысатынын жеткізді.

"Осы Олимпиадада ағылшын тілін білмеуім қатты намысыма тиді. Енді осы бір дүниені қолға алсам деп отырмын.

Такатодан бөлек, бүкіл әлемде қарсыластарым, достарым бар. Олармен тілдесейін десем, ойымды емін-еркін жеткізе алмаймын. Осыған дейін оларды түсіне алмайтынмын. Соның өзінде бұл мәселе мені аса бір алаңдатпайтын.

Олимпиада ойындарын ұтқан соң кешке гала-ас ұйымдастырылып, осы жиынға басшылық пен Олимпиада чемпиондары жиналды. Бәрі келіп құттықтап жатыр. "Congratulations" (құттықтаймын) деген жерін ғана түсініп, "thank you" (рақмет) деп қоямын. Сөйлеп жатыр, бірдеңелерді айтып жатыр, мен қарап тұрдым да, түсінбегеніме қатты намыстандым. Арасында "legend" дегенді түсініп, оған да рақметімді айтамын, болды, басқа ештеңе түсінбеймін. Түр жасап алып, рахметімді жеткіземін, бірақ не айтып тұрғанын мүлде түсініп тұрған жоқпын. Мақтап жатқанын ғана сезіп тұрмын. Сол кезде талай жарысқа бардым, талай елде болдым, әлемді ұттым, үш Олимпиадада жүлде алдым, неге осы уақытқа дейін үйреніп, жаттап алмағанмын деп өзіме ызам келді. Енді алдыма бірінші қойған мақсатым – ағылшын тілін үйрену", - деді Елдос Сметов.

Айта кетейік, Елдос Сметов Париж татамиіндегі доданың финалында франциялық дзюдошы Лука Мхеидзені жеңіп, алтын медаль еншілеген еді. Осылайша, дзюдодан Қазақстан тарихындағы алғашқы Олимпиада чемпионы атанды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2161711-ozime-yzam-keldi-eldos-smetov-olimpiadada-nelikten-qatty-namystanganyn-aitty/