Қазақстанның көкпар федерациясы Қырғызстанда өтетін "Келісім кубогына" қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
16 қыркүйекте Қырғызстан көк бөрі федерациясының өкілдері Қазақстанға 1 қарашада Ыстықкөл жағасында көкпар мен көк бөріден "Келісім кубогын" өткізуді ұсынған еді. Осыған қатысты Қазақстан көкпар федерациясы ресми мәлімдеме жасады.
"Қырғызстан көк бөрі федерациясының тарапы 1 қарашада өтетін турнирге шақырғаны туралы: көпшілік бұны V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының финалы бойынша қарымта кездесу деп ойлап отыр. Қырғызстан тарапы ашық тунирге қатысуға шақырыпты. Ескере кететін жайт, бұл турнир біздің күнтізбелік жоспарымызда жоқ. Ол уақытқа өзіміздің өзге турнирлеріміз қойылған.
Алдағы уақытта Қырғызстан тарабы көкпардан әлем чемпионаты немесе халықаралық турнирлерге шақырған жағдайда диалог жүргізуге әзір екенімізді жеткіземіз. Көпшіліктің екі ел арасындағы қарымта кездесуді күтіп отырғаны көкпар спортына деген қызығушылықтың артқанын білдіреді. Бұл қуантарлық жағдай. Ұлттық ойынымыздың деңгейі бір саты көтерілгендігінің белгісі ретінде қабылдаймыз", - делінген хабарламада.
Сондай-ақ Көкпар федерациясы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының нәтижесіне және қазақ-қырғыз арасында өткен финалдық ойында туындаған пікірталасқа қатысты ұстанымын білдірді.
"Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына тыңғылықты дайындалды. Көшпенділер ойындарына дайындық ретінде спортшыларымыз 6 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Соңғы 5 оқу-жаттығу жиыны аттармен және спортшыларға сай келетін ат таңдаумен өтті. Федерация тарапынан да арнайы дайындықтағы 10 ат сатып алынды. V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына көкпардан келген 9 құрама да өте жақсы дайындықпен келгенін айта кеткен жөн.
Көкпардан Қазақстан ұлттық құрамасы іріктеу кезеңінде Өзбекстан құрамасын 16:0, АҚШ құрамасын 12:4, Ресейден келген көкпаршыларды 18:2 есебімен жеңген еді. Ал финалдық ойында Қырғызстанмен негізгі уақытта 4:4 есебімен тең түсіп, қосымша уақытта команда капитаны Құрманбек Тұрғанбектің алтын салымының арқасында 5:4 есебімен басым түсті. Осылайша, көкпардағы Қазақстанның беделі биік екенін тағы да дәлелдеді. ҚР көкпар федерациясы айтулы жеңіске қол жеткізген спортшыларымыз бен бапкерлік құрамды бағалы сыйлықтармен марапаттайтынын да жеткізгіміз келеді", - делінген федерацияның мәлімдемесінде.
Еске салайық, 12 қыркүйекте көкпардан Қазақстан және Қырғызстан құрамалары Көшпенділер ойындарының финалында кездескен еді. Бұл ойында екі құраманың спортшылары арасында жанжал туды. Кездесу нәтижесі бойынша, 5:4 есебімен Қазақстан құрамасы жеңіске жетті.
Дәл сол күні екі елдің құрамалары көк бөріден Көшпенділер ойындарының финалында ойнады. Бұл бәсекеде Қырғызстан құрамасы 4:10 есебімен басым түскен болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2162226-qazaqstandyq-kokparshylar-qyrgyzdarga-qarsy-qarymta-oiyn-otkize-me-federatsiia-zhauap-berdi/