Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Тунистен Олимпиада чемпионын шығарған бапкер: Президент айтса да, отандық федерациядан ұсыныс болмады

Жарияланған күні:

Тунис құрамасының бапкерлері мен таеквондошы Фирас Катоуси (сол жақта Есбол Сұлтанов)
Тунис құрамасының бапкерлері мен таеквондошы Фирас Катоуси (сол жақта Есбол Сұлтанов). Фото: Tnani Badreddine/DeFodi Images via Getty Images

27 тамызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Париж Олимпиадасының жүлдегерлерімен кездесіп, спортшылар мен бапкерлерді жетістіктерімен құттықтаған еді. Сол жиында президент спорт саласына жоғары білікті мамандарды тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасау керек екенін айтып, Тунис мемлекетінде еңбек ететін қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың есіміне де жеке тоқталды. Себебі Қазақстан ұлттық құрамасында бас бапкерлік қызметте мүлде болмаған маман африкалық команданы тарихи нәтижеге жетеледі. Тунистік таеквондошылар Париждегі жазғы ойындарға толық құраммен қатысып, 1 алтын, 1 қола медаль жеңіп алды. Бұл аталған елдегі таеквондо тарихында мүлде болмаған көрсеткіш. Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі алыс елдің абыройын көтерген бапкермен тілдесіп, алдағы жоспарларын сұрап, Қазақстан ұлттық құрамасына бапкерлік ету тақырыбын да көтерді.

Есбол мырза, Олимпиададан кейін сіздің есіміңіз кеңінен таралып жатыр. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі еңбегіңізді ерекше атап өтті. Осыдан соң елімізде жұмыс істеуге ұсыныстар түсті ме?

Менің Тунис құрамасымен келісімшартым бір жылға жасалған болатын. Олимпиада аяқталған соң, тунистіктер бірден келісімді ұзартуды ұсынды. Бір жыл бойы сыртта жұмыс істегендіктен әрі Олимпиада секілді ірі жарысты абыроймен аяқтағасын, бір айлық еңбек демалысын алып, Қазақстанға, отбасыма келдім. Осы аралықта мемлекет басшысы менің сырт елдегі еңбегімді ерекше атап өтті. Шыны керек президентіміздің өзі осылай айтқан соң, елде ұсыныстар болса, ойланбақшы болдым. Себебі өз отанымның патриоты әрі азаматы ретінде спортты дамытуға үлес қосуды парызым деп санаймын. Ойыма жаңа идеялар келе бастады, құлшыныс пайда болды. Бірақ елге келген бойда ақпараттық буллинг басталып кетті. Маған еш ұсыныс түспесе де, қандай да бір қызметке кіріспесем де, түрлі қауесеттер тарай бастады. Осыдан соң екіойлы болып қалғаным рас. Қазір екі елден бас бапкерлік қызметке ұсыныс түсті. Оның бірі – Тунис. Әзірге сол ұсыныстарды қарастырып жатырмын. Ал Қазақстан таеквондо федерациясынан ешқандай ұсыныс болған жоқ. Осы орайда ел командасында қалуды сұраса, келісімге келе алсақ, отандық спортшыларды биік шыңдарға жетелеуге дайын екенімді айтқым келеді.

Тунис құрамасы сізге қалай шақырту жіберді? Сіз ұлттық құрамада бапкерлер құрамында болсаңыз да, бас жаттықтырушы қызметін атқарған емессіз...

Менің бапкерлік өтілім 15 жылдан асады. Сол аралықта кадеттер арасынан 3 әлем чемпионын шығардым. "Шаңырақ" спорт интернатында жұмыс істеген тоғыз жыл ішінде 47 Қазақстан чемпионын тәрбиелеппін. Одан бөлек Азия чемпионатынан 16, әлем біріншілігінен 8 медаль алыппыз. Ал Алматы ерлер командасын жаттықтырған жылдары Қазақстан чемпионатында алты рет командалық есепте топ жардық. Одан өзге қаншама жарыстар бар?! Алматы командасында жүргенімде Тунис құрамасы Токио Олимпиадасына дайындалу үшін бірлескен жаттығу жиынына келді. Сол кезде олармен танысып, жақсы араласып кеттім. 2020 жылғы Олимпиадада Тунис таеквондодан бір күміс алған, ал Бакудегі әлем чемпионатын жүлдесіз, сәтсіз аяқтады. Париж Олимпиадасы болса, жақындап қалды. Сондықтан олар шетелден бапкер іздей бастады. Менен бөлек таеквондода аса беделді саналатын Оңтүстік Корея, Иран, Франция, Египет сынды елдерден де үміткерлер болды. Ал ол жақтағы басшылық ақылдаса келе, мені қабылдады.

Тунистіктер сізді қалай қабылдады? Қанша дегенмен Олимпиадаға бір жыл қалғанда бапкер ауыстыру да оңай емес...

Алғашында сенімсіздік болғаны рас. Өйткені Қазақстан таеквондодан беделді құрама саналмайды. Біздің әлемдік деңгейдегі жетістіктеріміз өте аз. Әлі есімде, бас бапкер ретінде алғаш рет Гран-при турниріне қатысып, сол сында екі алтын алдық. Ал ақпан айында өткен Олимпиадаға іріктеу турнирінде төрт салмақтың төртеуінде де жолдама иелендік. Осыдан соң маған сенім артып, жақсы қабылдай бастады. Африка ойындарында да жақсы нәтиже көрсеттік. Ал біздің жұмысымыздың ең басты жемісі – тунистік таеквондошылар Парижде жеңіп алған тарихи алтын медаль мен қола жүлде.

Есбол Сұлтанов пен олимпиададағы жеңіс
Есбол Сұлтанов пен олимпиададағы жеңіс: Жеке мұрағатынан

Сіздің Тунис құрамасында үлкен нәтиже көрсетуіңіздің басты сыры неде? Олар қай жағынан ақсап тұрды?

Тунистік спортшыларда күш пен мінез жетеді! Жақсы төбелеседі. Бірақ ақылмен төбелесу жетпей тұрды. Кез келген спорт түрі ақылға құрылады. Меніңше бас-көзсіз алға баса бермей, ақылмен төбелесуді үйреткенім жемісін берді. Одан бөлек қорғанысқа көп көңіл бөлдім. Қорғанысы жоқ спортшы алысқа бармайды. Парижде чемпион болған тунистік Фирас Катусидің қорғанысы мүлде әлсіз болатын. Алғашында оған менің әдісіме бейімделу қиынға соқты. Бірақ сәуір-мамыр айларына қарай ол жаттығу жүйесін толық меңгеріп кетті. Сол кезде оған осы бағытынан танбаса, чемпион болатынын айтқан едім. Айтқаным айдай келді. Одан бөлек әлемдік федерация Катусиді Париж Олимпиадасындағы қорғанысы мықты ең үздік үш спортшының қатарына қосты. Фирас күнде хабарлама жолдап тұрады. "Ағай, біз тарих жасадық" деп айтудан танбайды (күлді).

Таеквондошы Мохамед Халиль Жендуби мен Тунис құрамасының бапкерлері (оң жақта Есбол Сұлтанов)
Таеквондошы Мохамед Халиль Жендуби мен Тунис құрамасының бапкерлері (оң жақта Есбол Сұлтанов). Фото: Alex Pantling/Getty Images

Енді елге оралайық. Ұлттық құрамада бапкердің көмекшісі болдыңыз. Кейін сізді халықаралық жарыстарға қатысуға жарамасыз бапкер ретінде лицензияңыздан айырды. Бұған не себеп болды?

2022-2023 жылдары Қазақстан құрамасында бас бапкердің көмекшісі болдым. Командадағы үшінші маман дегенім дұрыс. Себебі бас бапкерден бөлек, Оңтүстік Кореядан келген кеңесші бар. Сол екеуі бәрін шешетін. Маған кореялық кеңесшінің жаттығу бағдарламасы әсте ұнаған жоқ. Ол жұмыс істеген 8 жылдың ішінде команда тоқырап кетті. Спортшылар жаттығу жиынына келгісі келмейтін. Одан қалса еш нәтиже көрсетпеген маманды екі олимпиадалық цикл бойы ұстап отырғандары жаныма батты. Мен ұлттық құрамада өзімнің әдіс-жоспарларымды қолдана алмадым, өйткені бәрін кореялық маман шешетін. Кореялық бапкерге жиі қарсы шыққасын, менің де соңыма түсті. Үстімнен шағым түсірді. Осылайша бапкерлік лицензиямды жарамсыз деп танып, жұмыстан шығарып жіберді. Содан соң кадеттер командасына қайта оралдым.

Негізі спортты білетін адамдар жұмыс істесе, мұндай қиындықтар туындамайтын еді. Мәселен Париж Олимпиадасы қарсаңында Қазақстан командасына тағы бір кореялық маман келді. Балалар бапкері ғана болған, соңғы екі жылда еш жерде жұмыс істемеген.

Егер әлем таныған, белгілі бір команданы мықты жетістікке жеткізген шетелдік маманды шақырса, еш қарсылығым жоқ. Бірақ Оңтүстік Кореяға керексіз бапкерлерді елге әкеліп, бізге басшы қылғанын қолдамаймын.

Өзімізде де мықты мамандар жетеді. Соны түсінсек екен. Қазір отандық таеквондо федерациясына жаңа басшылық келгелі жатыр. Сол кісілер де спортты жақсы білетін, таеквондоны жақсы түсінетін жандарды басшылық қызметке қойса деген кеңесім бар.

Париж Олимпиадасында бақ сынаған екі қазақстандық таеквондошы көңіліңізден шықты ма? Қазіргі бас бапкер міндетіп атқарып жүрген Нұрсұлтан Мамаев жайлы не айтасыз?

Ол әлі бапкер ретінде ысылмаған, спорттық мансабын кеше ғана аяқтаған жігіт. Оған үлкен жауапкершілік артып, обал жасады. Өйткені бүкіл ауыртпалықты жас жігіттің мойнына жүктей салды.

Шынымды айтсам, біз таңғы асымызды ішіп, жаттығу залына енді келгенімізде, Қазақстан командасы ұтылып, жарыстан ерте қайтып бара жатыр екен. Тіпті Парижге жарты сағатқа ғана барған адамдар сияқты. Бұл әрине жақсы емес. Егер спортшылар алғашқы кездесулерінде ұтылса, бұл дайындықтың төмендігінен хабар береді. Ал бүкіл команда осылай нашар өнер көрсетсе, бұл бас бапкердің тікелей кінәсі әрі қабілетсіздігі. Мен федерацияның мұндаай жас баланы бас бапкер қылып тағайындап, оған бүкіл елдің жүгін артып, неліктен қинап қойғанын түсінбедім. Мұндай жағдай енді қайталанбас деп сенемін.

Екі спортшы туралы айтар болсақ, Самирхон Абабакиров физикалық тұрғыдан дайын емес екен. Ол қарсыласын жеңіп тұрып, соңғы бес секундта 7 ұпай беріп қойды. Қарсыласы айналып та тепті, басынан да соққы жасады.

Ал Батырхан Төлеуғали ересектер арасына жақында ғана өтті. Десе де Батырханның әлеуеті мол, жақсы төбелесетін жігіт. Динамикасы жақсы. Оған дұрыс тактика қоймады. Аяқтарының күші көп, италиялық әлем чемпионының соққыларын бұйым көрмегенін байқадым. Бұл жігітке де бапкерлер Самирхонның тактикасын таңып тастады. Содан бала өз мәнерін жоғалтып алды. Десе де мен оның болашағына сенемін. Егер жақсы бағыттайтын адам болса, талай ірі жеңісінің куәсі боламыз.

Еске салайық, Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада жүлдегерлерімен кездесіп жетістіктерімен құттықтаған еді. Сонымен қатар спорт саласына білікті мамандарды тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасау керек екенін мәлімдеген болатын.

"Өкінішке қарай көптеген талантты бапкерлер өз елімізден қолдау таппай, шетел асып кетіп жатады. Олар сол жерге барып, жас спортшыларды тәрбиелейді, яғни басқа мемлекеттің ұлттық құрама командаларын әлемдік додаларға дайындайды.

Мысалы осы Олимпиада ойындарында Тунис елінің тхэквондодан ұлттық құрамасы қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен екі медаль жеңіп алды, оның біреуі алтын медаль. Бапкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын қолға алу керек, әсіресе олардың қоғамдағы әлеуметтік және кәсіби мәртебесін арттыру өте маңызды. Бір сөзбен, бізге мықты бапкерлер мектебін жасақтау қажет", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Материал авторы: Арнұр Жұбан

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2162298-tunisten-olimpiada-chempionyn-shygargan-bapker-prezident-aitsa-da-otandyq-federatsiiadan-eshqandai-usynys-bolmady/