Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Төрешінің әділдігіне қатысты сұрағымыз бар": Дәурен Нұрғожин Испаниямен болған ойын туралы айтты

Жарияланған күні:

Дәурен Нұрғожин
Дәурен Нұрғожин. Фото: kazfutsal.kz

15 қыркүйекте Өзбекстанда футзалдан әлем чемпионаты аясында Қазақстан құрамасы Испаниямен кездесіп 1:1 есебімен тең тарқасқан болатын. Бұл ойын туралы бас бапкердің көмекшісі Дәурен Нұрғожин пікір білдірді, деп KAZ.NUR.KZ Sports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

– Чемпионаттағы алғашқы ойын өтті, нәтиже көңіліңізден шықты ма?

– Біз әр ойында жеңіске жеткіміз келеді. Сондықтан тең нәтиже бізді толық қанағаттандырды деп айту қиын. Бірақ әлем чемпионатының алғашқы ойыны екенін, қарсыластың күшін және ойын барысын ескерсек, Испаниямен тең түсу – біз үшін жаман нәтиже емес деп ойлаймын.

– Даурен Тұрсағұловтың алаңнан қуылуы ойынға қаншалықты әсер етті деп ойлайсыз?

– Әрине ойынның басында шығармашылық қабілеті жоғары ойыншыны жоғалту – өте қолайсыз жағдай. Бірақ біздің жігіттер тағы да командалық рухымыздың мықтылығын дәлелдеді. Қиын сәтте әрбір алаң бөлігінде жан аямай күресті. Бірі – бәрі үшін, бәрі – бірі үшін ойнады!

– Бұл шешім әділ болды деп санайсыз ба?

– Төрешінің шешімін талқылағым келмейді, бірақ оның әділдігіне қатысты сұрақтарымыз бар.

– Матчтан кейін Кака киім ауыстыратын бөлмеде не айтты?

– Әрине, ол ойыншыларға осындай тәртіпті және жанкешті ойын үшін алғысын білдірді.

– Енді Испанияны артта қалдыру үшін көбірек гол соғу мақсаты қойылып отыр ма?

– Әзірге мұндай мақсат қойған жоқпыз. Басты мақсат – топтағы келесі екі ойында жеңіске жету. Одан кейін жағдайды көре жатармыз. Бұл әлем чемпионаты, мұнда әр ойынның маңызы зор. Біз ешбір қарсыластан қорықпаймыз және барлығымен ойнауға дайынбыз.

Айта кетейік, Өзбекстанның Ташкент қаласындағы футзалдан әлем чемпионаты 6 қазанға дейін жалғасады. Ертең, 18 қыркүйекте Қазақстан құрамасы D тобындағы екінші ойынын Ливияға қарсы өткізеді. Матч 17:30-да басталады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2162400-toreshining-adildigine-qatysty-suragymyz-bar-dauren-nurgozhin-ispaniiamen-bolgan-oiyn-turaly-aitty/