Бүгін, 24 қыркүйекте қазақстандық жанкүйерлер Астана қаласының әуежайында шахмат Олимпиадасының жүлдегерлерін, Қазақстан әйелдер құрамасын күтіп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Шахматтан Олимпиада ойындарына қатысқан Қазақстан әйелдер және ерлер құрамасы елге оралады. Оның ішінде ел тарихындағы алғашқы күміс жүлдені жеңген Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман бар. Оларды қарсы алуға БАҚ өкілдері және жанкүйерлері келді. Сонымен қатар туризм және спорт министрлігінің басшысы Ербол Мырзабосынов та спортшыларды қарсы алып, алғысын білдірді.
"Бұл жетістік үлкен еңбектің нәтижесі. Күні кеше шығарып салып едік, міне бүгін ел болып қарсы алып жатырмыз. Осындай қуанышты күндеріміз көп болсын. Бапкерлерге, ата-аналарыңа және федерацияға алғысымды білдіремін. Біз интеллектуал ұлт екенімізді және сол бағытта дамып жатқанымызды бүкіл әлемге паш еттік. Біздің елде осы спорттың болашағы зор екеніне сенім білдіреміз. Елімізде 7 мыңға жуық шахмат секциясында 200 мыңнан астам бала жаттығады. Бұл бағыт мемлекет басшысының ерекше назарында және қолдауында. Сондықтан келешекте бұдан да жақсы нәтижеге жетеміз деп сенемін", - деді Ербол Мырзабосынов.
Айта кетейік, бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасы 2 жылда бір өтеді. Осыған дейінгі доданы Үндістанның Ченнай қаласы қабылдаған. Сол кезде Қазақстан әйелдер командасы (Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Гүлісхан Нахбаева, Ксения Балабаева, Назерке Нұрғали) 352 ұпаймен үздік бестікті түйіндеді. Жансая Әбдімәлік 1-тақта бойынша қола жүлдегер атанған. Бұл осыған дейінгі ең үздік көрсеткіш болған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2165137-intellektual-ult-ekenimizdi-daleldedik-ermek-marzhyqpaev-shahmatshylarga-algysyn-bildirdi/