Түркістандық каратэші Әсел Қанай Қытайдың Ханчжоу қаласында өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатында күміс жүлде еншіледі. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Түркістан cпорт басқармасының мәліметінше, Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өнер көрсеткен Әсел Қанай 61 кг салмақта сынға түсіп, күміс медальға қол жеткізді.
"Осы тұста спортшыны жан-жақты дайындап алып барған каратэден (WKF) облыстың аға жаттықтырушысы Боран Төлеевтің де қажырлы еңбегін ерекше атап өткен жөн", - делінген хабарламада.
Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, Қытайдағы Азия чемпионатына 30 елден 300-ден астам татами шебері қатысқан. Қазақстан намысын кумите бағдарламасында 19 спортшы қорғады. Нәтижесінде ұлттық құрама 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медальге қол жеткізді.
Жоламан Биғабыл (-55 кг) мен Нұрқанат Әжіқанов (-75 кг) алтын, Әсел Қанай (-61 кг) күміс, ал Софья Берульцева (+68 кг) қола медаль иегері атанды. Сонымен қатар кумитеден Қазақстан ерлер командасы 2-орын алды. Қазақстан жалпы есепте Жапония мен Вьетнамнан кейінгі 3-орынға тұрақтады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2165206-turkistandyq-karateshi-aziia-chempionatynda-kumis-zhulde-zhengip-aldy/