Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бір жарым жыл бойы жарысқа қатыспаған қазақстандық спортшы жан сырын ақтарды

Жарияланған күні:

Шорт трек
Фото: Ұлттық Олимпиада комитеті/Владислав Семенов

Әлем кубогының иегері қазақстандық шорт-трекші Абзал Әжіғалиев бір жарым жыл бойы ірі жарыстарға қатыспау себебін түсіндірді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Olympic.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Абзал Әжіғалиев Астанада өтіп жатқан Қазақстан чемпионаты аясында жарыс жолынан көрінді. Екі күн ішінде Абзал екі жүлдеге ие болды. Бірі – алтын, екіншісі – күміс. Алда тағы бір күн бар, ал шорт-трекші болса, өзінің мұзға қайта оралғанына бек риза.  

"Бір жарым жыл бойы жарыстардан бой көрсетпеуімнің өз себебі бар. Мен бұл кезеңде қарқынды түрде жаттықтым. Оңтүстік Кореяда болдым. Бұл елдің құрамасы осы спорт түрінен өте мықты. Әлемдік көшбасшы деуге болады. Құрамада үздік спортшылар бар. Әлем чемпиондары, Олимпиада жүлдегерлері бар. Титулды шорт-трекші көп. Қажетті тәжірибе жинақтауым, біраз дүние үйренуім мен үшін маңызды болды. Себебі 2026 жылы Олимпиада ойындары болады, сондықтан өзімді, машықтарымды жақсартқым келді. Спортта қанша уақыт жүргенің маңызды емес. Әр кез үйрену керек дүние табылады. Мен жас спортшыларға да мұны үнемі айтып келемін. Ешқашан дамуыңды тежеп, белгілі бір деңгейде қалып қоймауың керек", - деді Абзал Әжіғалиев.

Сондай-ақ қазақстандық шорт-трекші Оңтүстік Кореядағы жаттығу техникасы басқаша екенін айтты.

"Дәл солай. Әлемдік спорт ешқашан бір орында қалып қоймайды. Қашан да жаңарып отырады. Тактикалар, жаңа техникалық элементтер, ережелердегі өзгерістер – әр маусымда бір нәрсе жаңарады. Сондықтан жаңа нәрселерден сусындау мен үшін маңызды болды. Айтып өткенімдей, кореялықтар шорт-тректен үздік саналады. Сондықтан Оңтүстік Кореяға аттанып, жаттығу процесін өз көзіммен көріп, жаттығулар жоспарымен танысып, олардың мұзда сырғанау техникасын білгім келді. Олардан үйренеріміз көп. Осы тұста ол жақтағы жаттығу уақыты басқалардікінен әлдеқайда өзгеше деп айтқым келеді. Жаттығулары таңғы бесте басталады. Ал бізде ол... Білмеймін, енді... Біреу таңғы бес болмай тұрып, мұзға барып жаттығады дегенге ешкім сенбейді. Ал олар үшін әдепкі, қалыпты дүние", - деп пікір білдірді Абзал Әжіғалиев.

Абзал Әжіғалиев Оңтүстік Кореяда жаттығу кезінде біраз нәрсе үйренгенімен, кей тұста қиналғанын да жеткізді.

"Олар мені шақырды. Ол жерде Корея спортшылары ғана емес, Жапониянікілер де болды. Айтпақшы, оларда ұзақ қашықтықтарға конькимен жүгіру қатты дамыған. Дәл мен маманданған спринт жағы оларда ақсап тұр екен. Сондықтан тәжірибе алмасу болды. Мен оларға спринтті үйреттім, ал олар ұзақ қашықтықтарды анағұрлым сапалы еңсеруден көмек берді.

Үздіктермен жаттыққан кезде бәсеке босаңсуға мүмкіндік бермейді. Жаттығулар да үнемі күрделі өтеді. Тіпті психологиялық жағынан да. Бірақ басқа атлет өз-өзін тастап жібермейтінін, барлық жүктемеге шыдап жүргенін көресің. Бұл ынталандырады. Таңғы бесте болсын, басқа уақытта болсын, тұрасың.

Шынымды айтсам, алғашқы екі апта мен үшін өте қиын болды. Кейіннен олардың кестесіне үйреніп кеттім. Тіпті тым ащы тағамдарына да үйрендім (күледі). Жазда аптап ыстық болды, бұған да үйреністім. Нәтижесінде өте жақсы тәжірибе жинақтап келдім. Жаңа маусымда өзім жаттыққан спортшылармен мұзда кездесеміз деп ойлаймын. Олармен бірге жаттыққан соң нақты қалай сырғанайтынын біліп тұратын боламын", - деді Абзал Әжіғалиев.

Айта кетейік, Абзал Әжіғалиев 2011 жылы Алматыда өткен қысқы Азиада ойындарында эстафеталық бәсекеде қола медаль, ал 2016 жылы Солт-Лейк-Ситиде өткен әлем кубогында алтын медаль жеңіп алды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2169855-bir-zharym-zhyl-boiy-zharysqa-qatyspagan-qazaqstandyq-sportshy-zhan-syryn-aqtardy/