Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Бибісара Асаубаева Лондондағы турнирде бақ сынап жатыр

Жарияланған күні:

Бибісара Асаубаева
Бибісара Асаубаева. Фото: Спортты дамыту дирекциясы

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Лондонда өтіп жатқан әйгілі Global Chess League турнирінде бақ сынап жатыр. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Kazinform агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

3-12 қазан аралығында Лондонда өтетін бұл турнир айрықша форматымен ерекшеленеді, себебі ерлер мен әйелдер аралас командаларда бірлесіп ойнайды. Шахмат аренасына Қазақстанның атақты шахматшысы Бибісара Асаубаевамен қатар әлемнің үздік ойыншылары, оның ішінде бес дүркін әлем чемпионы және Халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) рейтингінің көшбасшысы Магнус Карлсен және әлемдік рейтингтің екінші нөмірі Хикару Накамура жиналды.

Бибісара Асаубаеваның командасында америкалық Хикару Накамура, польшалық Ян-Кшиштоф Дуда (ФИДЕ рейтингінде 14-орын), қытайлық Юй Янъи (27-орын), германиялық шахматшысы Элизабет Петц (әйелдер арасындағы рейтингте 23-орын) және даниялық Йонас Буль Бьерре (жасөспірімдер арасындағы рейтингте 9-орын) бар.

Бибісара Асаубаева бұл турнир шахматты кеңінен насихаттауға және әлем жұлдыздарымен тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретіні туралы айтты.

"Бұл турнир өте кеңінен насихатталып жатыр. Ұйымдастырушылар танымал құрам жинауға барынша тырысқан. Мұнда әлем чемпионы Магнус Карлсен және шахматшылар арасында ең танымал стример Хикару Накамура ойнайды. Бұл шахматты әлемде танымал етуге тамаша мүмкіндік", - деді Бибісара Асаубаева.

Global Chess League турнирінде алты команда бақ сынайды, олар рапид форматында (жылдам шахмат) ойнайды. Алдымен қос айналымдық кезең өтеді, онда командалар бір-бірімен екі рет кездеседі. Екі үздік команда финалда чемпиондық атақ үшін күреседі.

"Турнирдегі барлық шахматшы өте мықты. Осындай адамдармен бір командада ойнау мен үшін үлкен мәртебе және де мен көп тәжірибе жинап жатырмын. Мұндай турнирлер ойыншылармен пікір алмасуға, тәжірибе жинауға, пайдалы кеңестер алуға мүмкіндік береді", - деді Бибісара Асаубаева.

Турнирге қатысатын әрбір команданың құрамы теңдестірілген: командаға 2700 және одан жоғары рейтингке ие шахматшы, екі әлемдік деңгейдегі гроссмейстер, екі үздік шахматшы қыз және 21 жасқа дейінгі бір жас ойыншы кіреді.

Айта кетейік, Мажарстан астанасы Будапеште өткен шахмат Олимпиадасында Бибісара Асаубаева бастаған Қазақстан әйелдер құрамасы өз тарихында алғаш рет күміс жүлде жеңіп алған болатын.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2169960-bibisara-asaubaeva-londondagy-turnirde-baq-synap-zhatyr/