Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

БАҚ: Қазақ тілі жайлы "әзілдеген" бапкер Станислав Черчесовке айыппұл салынды

Жарияланған күні:

Станислав Черчесов
Станислав Черчесов. Фото: kff.kz

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовке айыппұл салынды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ BaigeNews.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Әлеуметтік желілерде футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тілін кемсітуге тырысқаны туралы бейнематериал кеңінен таралып, қоғам тарапынан наразылық туғызған еді. Кейін туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан Cтанислав Черчесовтің даулы сөзіне қатысты түсініктеме беруді талап етті.

Кеше, 15 қазанда футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тіліне байланысты әлеуметтік желіде жарияланған видеоға Қазақстан футбол федерациясы мәлімдеме жасады.

"Бұл оқиға 13 қазанда Алматыда өткен Қазақстан – Словения матчынан кейінгі баспасөз мәслихатында болған. Станислав Черчесовке қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске бас бапкер: "Сен французша сөйлеп отырсың ба?" - деп тіл қатқан. "Негізі бұл сұрақты Францияның "ПСЖ" клубының формасын киіп алған қазақстандық журналист Бегасыл Сейітқанов баспасөз мәслихатында қойғаннан кейін бас бапкер әзілдеп жауап қайтарған болатын. Станислав Черчесов қазақ тілі мен еліміздің мәдениетіне үлкен құрметпен қарайды, сонымен қатар қазақ тілін белсенді түрде оқып жатқанын мәлімдейміз", - деп жазды ҚФФ Instagram желісіндегі ресми парақшасында.

BaigeNews.kz сайтының ақпараты бойынша, Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Бәрменқұлов мәжілістегі "дөңгелек үстелде" бас бапкерге ескерту жасағанын және оған айыппұл салынғанын айтты.

"Черчесовтың әзілдері, әрине, шектен шығып жатыр. Мен онымен жеке сөйлестім, мемлекеттік тілдің өзектілігі мен басымдығын түсіндірдім. Онымен әңгіме, жұмыс жүргіздік. Оған айыппұл салынды", - деді Әділет Барменқұлов.

Осы орайда KAZ.NUR.KZ тілшісі Қазақстан футбол федерациясына сауал жолдады. Бірақ әзірге мәселенің анық-қанығы белгісіз.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2175153-qazaq-tili-zhaily-azildegen-bapker-stanislav-cherchesovke-aiyppul-alyndy/