Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов аудан имамына умра сапарына жолдама тарту етті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
Жолдаманы имамға "Өнер қырандары" театрының актері, қайырымдылық қорының мүшесі Мадияр Серікбаев табыстаған.
"Елдос Сметов аманаттап берген умра сапары Абай облысы Бородулиха ауданының имамы Нұрғазы ағамызға табысталды", - деп жазды Серікбаев Instagram желісіндегі ресми парақшасында.
Еске салайық, Елдос Сметов ұлдарының сүндет тойы мен қызының тілашарында Мадияр Серікбаевқа кіші қажылыққа сертификат табыстап, мұқтаж жанға бұйырсын деген тілегін жеткізген еді.
Елдос Сметов биыл Париж Олимпиадасында дзюдодан 60 кг салмақ дәрежесінде белдесіп, финалда Франция спортшысы Лука Мхеидзе жеңген болатын. Осылайша дзюдодан Қазақстан тарихындағы тұңғыш Олимпиада чемпионы атанды. Сондай-ақ үш дүркін Олимпиада жүлдегері болды. Ол Рио-2016 бәсекесінде күміс, Токио-2020 додасында қола медаль жеңіп алған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2179997-eldos-smetov-audan-imamyna-umraga-zholdama-syilady-video/