Әйелдер арасындағы жекелей сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA қорытынды турниріндегі алғашқы матчы алдында Неймармен суретке түсті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
2 қарашада қазақстандық теннисші WTA – 2024 қорытынды турниріндегі алғашқы ойынын өткізді. Оның қарсыласы әлемнің төртінші ракеткасы, италиялық спортшы Жасмин Паолини болды. Бұл кездесуде Рыбакина 6:7 (5:7), 4:6 есебімен жеңіліп қалды.
Ойын басталар алдында кортқа арнайы қонақ – әйгілі бразилиялық футболшы Неймар шықты. Ол теннисшілермен суретке түсті де, дәстүр бойынша тиын лақтырды.
"Ең болмаса, Неймармен түскен суретім бар", - деп жазды Рыбакина Instagram-дағы Stories-ке.
Қазақстанның бірінші ракеткасы енді Қытай өкілі, әлемнің жетінші ракеткасы Чжэн Циньвэньмен ойнайды. Матч бүгін, 4 қарашада өтеді деп жоспарланған.
Айта кетейік, Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан турнирдің жалпы жүлде қоры – 15 миллион 250 мың АҚШ доллары (7,4 миллиард теңге). Жарысқа қатысқаны үшін теннисшілерге 335 мың доллар, топтық кезеңдегі әрбір жеңісі үшін – 350 мың доллар, жартылай финалдағы жеңісі үшін – 1,27 миллион доллар, финалдағы жеңісі үшін – 2,5 миллион доллар беріледі. Турнир чемпионы жарыс барысында бірде-бір кездесуде жеңілмейтін болса, оның сыйақысы 5 миллион 155 мың доллар болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2182526-elena-rybakina-aigili-futbolshy-neimarmen-kezdesti-foto/