УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңі аясындағы "Бавария" мен "Бенфика" матчы кезінде жанкүйерлердің бірі қайтыс болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ тілшісі хабарлайды.
УЕФА Чемпиондар лигасының жалпы кезеңінің 4-туры аясында германиялық "Бавария" клубы өз алаңында португалиялық "Бенфиканы" қабылдады.
ESPN мәліметінше, осы матчтың басында жанкүйерлердің бірі өзін нашар сезінген. Дәрігерлер алғашқы көмек көрсетіп, оны жедел жәрдем қызметімен ауруханаға алып кеткен. Өкінішке орай, ауруханаға бара жатқан жолда жанкүйердің көз жұмғаны туралы хабарланды.
"Стадионда жанкүйерлердің бірі өзін жайсыз сезініп, дәрігерлер оған жедел көмек көрсеткенімен, өкінішке орай, ол ауруханаға бара жатқан жолда қайтыс болды. Матчтың аяқталғанына шамамен бір сағат өткеннен кейін "Бавария" клубының ойыншылары бұл қайғылы хабарды естіді және оның отбасының қайғысына ортақ екенін жеткізді", - делінген "Бавария" клубының Instagram желісіндегі ресми парақшасында.
Айта кетейік, бұл ойында "Бавария" клубы 1:0 есебімен жеңіске жетті. Матчтағы жалғыз голды 67-минутта Жамал Мусиала соқты.
4 турдың қорытындысы бойынша "Бавария" клубы турнир кестесінде 6 ұпай еншілеп, 17-орынға жайғасқан. Португалиялық "Бенфика" клубы да қоржынына 6 ұпайды жинақтап, турнир кестесінің 19-орнына тұрақтаған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2184332-chempiondar-ligasynyng-matchynda-qaigyly-zhagdai-boldy/