Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Эр-Риядта (Сауд Арабиясы) өткен WTA-дің қорытынды турнирінде өнер көрсетіп, жарысқа қатысқаны үшін қаржылай сыйақыға ие болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Әйелдер теннисі қауымдастығының (WTA) ресми сайтында спортшылар аталмыш турнирге қатысқаны үшін 335 мың АҚШ долларын, ал топтан шыққаны үшін 350 мың АҚШ долларын еншілейтіні туралы жазылған. Сондай-ақ теннисші жартылай финалда жеңіске жеткені үшін 1,27 миллион АҚШ долларын иеленсе, финалда жеңіске жеткені үшін 2,5 миллион АҚШ долларын қанжығасына байлайды.
Елена Рыбакина топтық кезеңде 1 рет жеңіске жетіп, 2 рет жеңіліс тауып, плей-офф кезеңіне шыға алмады. Сондықтан қазақстандық теннисші тек бұл турнирге қатысқаны үшін қаржылай сыйақы алды. Яғни Қазақстанның үздік теннисшісі 335 мың АҚШ долларын (165 миллион теңге) еншіледі.
Айта кетейік, Елена Рыбакина Эр-Риядта өтіп жатқан WTA-дің қорытынды турнирінің топтық кезеңінде италиялық Жасмин Паолиниден (6:7, 4:6) және қытайлық Чжэн Циньвэннен (6:7, 6:3, 1:6) жеңіліп қалды. Ал топтағы соңғы ойында әлемнің бірінші ракеткасы Арина Соболоенконы (6:4, 3:6, 6:1) жеңді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2184375-elena-rybakina-saud-arabiiasyndagy-turnirde-qansha-tabys-tapty/