Мәжіліс отырысында депутат Жигули Дайрабаев туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа Қазақстан футбол федерациясының жаңа басшысын сайлауға қатысты өтінішін айтты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Сіз бұл қызметке жаңадан келіп жатырсыз. Жұмысыңызға сәттілік тілеймін. Бұл сала оңай тірлік емес. Заң жобасын қолдаймыз. Футбол, баскетбол, хоккей ойындары көңілімізді көншітпейді. Хоккейден КХЛ-де ұятқа қалып жатырмыз. Легионерлердің бәрін жинап алдық. Соларға мемлекеттің ақшасын шашуды доғару керек деп ойлаймын. Сізге, әрине, мұның бәрі қиындау болады. Депутаттардың ішінде менен қолдау аласыз, қолдаймын.
Екінші мәселе, жақында футбол федерациясының басшысы ауысты. Сол жерге басшы ретінде жаны, тілі қазақ, жүрегі қазақ деп соғатын бір азаматты қойыңыздаршы! Өтініш!",- деді депутат.
Министр Ербол Мырзабосынов депутаттың сұрағына жауап бере келе, қарастырылып жатқан заң жобасына сәйкес, алдағы уақытта легионерлер квазимемлекеттік сектордан қаржыландырылмайтынын айтты.
"Футбол бойынша айтар болсам, иә, жақында футбол федерациясының басшысы өз еркімен орнын босатты. Заңнамаға сәйкес, тиісті процедуралар бар, бір айдан кейін жаңа басшыны сайлау өтетін болады", - деді Мырзабосынов.
Еске салайық, туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының бір жекпе-жегін Қазақстанда өткізу қарастылып жатқанын айтқан болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2186808-zhany-tili-qazaq-azamatty-basshy-qylyngyzdarshy-deputat-sport-ministrine-otinish-zhasady/