Қазақстан құрамасы конькимен жүгіруден Жапонияда өтіп жатқан төрт құрлық чемпионатында қола жүлде жеңіп алды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Ұлттық Олимпиадалық комитеттің ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жапонияның Хачинохе қаласында конькимен жүгіру спортынан төрт құрлық чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күні Қазақстан құрамасы әйелдер арасындағы командалық жарыста қола жүлде еншіледі. Ал бірінші орынды Канада, ал екінші орынды Оңтүстік Корея иеленді.
Айта кетейік, Жапониядағы турнир 17 қарашаға дейін жалғасады. Бұл жарыс алғаш рет 2020 жылы өткізілген еді. Оны екі рет Канада және АҚШ қабылдаған. Биылғы жарыс тарихқа енбек, себебі алғаш рет Азияда өтіп жатыр.
Қазақстандық спортшылар төрт құрлық чемпионатында бірнеше рет жеңіс тұғырынан көрінген. Мысалы, Надежда Морозова чемпионатта төрт рет жүлде иеленсе, 2023 жылы 1500 метр қашықтықта бірінші орын алды. 2022 жылы Екатерина Айдова 500 метр қашықтықта алтын жеңіп алып, жалпы алғанда төрт рет жүлдегер атанды. Ерлер арасында әр жылдары Денис Кузин (1000 метр), Дмитрий Морозов (1500 метр), Виталий Щиголев (екі рет 5000 метрде) жеңіске жетті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2187887-qazaqstandyq-konkishiler-zhaponiiadagy-tarihi-turnirde-algashqy-zhuldege-ie-boldy/