Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Көзім әлі көрмейді": Ресейде бұзақылар бапкерге шабуыл жасап, оның көмекшісінің бетін тіліп жіберген

Жарияланған күні:

Ресейлік бапкер
Ресейлік бапкер. Фото: https://t.me/kriksharapova

Кеше, 17 қарашада футболдан Ресейдің екінші лигасының 18-туры аясында "Волгарь" мен "Ленинградец" арасында матч өткізді. Ойын аяқталған соң, "Ленинградец" клубының бас бапкері Вадим Евсеев пен оның көмекшісіне шабуыл жасалды, деп KAZ.NUR.KZ Championat.com сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Қос клуб арасындағы ойын 1:1 есебімен аяқталды. "Ленинградец" клубының ойыншысы Михаил Горелишвили 90+4-минутта гол соғып, есепті теңестіріп кеткен болатын. Нәтижесінде бас бапкер Вадим Евсеевтің командасы маусым қорытындысы бойынша Ресейдің екінші лигасында 3-орынды еншіледі. Бұл нәтиже оларға бірінші лигаға шығу мәртебесін сақтап қалды.

Ал ойыннан кейін "Ленинградец" клубының бас бапкері Вадим Евсеевке біреулер ту сыртынан келіп, темекі сұраған. Ол темекі шекпейтінін айтқан, бірақ дәл осы сәтте жаңағы адамдар оған қарата балондағы газ шашқан. Осыдан кейін бас бапкердің көмекшісі Александр Шмарко шабуыл жасаған адамдарды ұстауға тырысқан. Бірақ шабуылдаушының біреуі пышақпен Александр Шмарконың бетін тіліп жіберген.

Осыдан кейін Вадим Евсеев пен Александр Шмарко ауруханаға жедел жәрдеммен жеткізілген.

"РБ Спорт" басылымы Вадим Евсеевтің көздері көрмей жатқанын хабарлады.

"Жағдайым жақсы, ауруханадан шықтым. Бірақ көзім әлі көрмейді. Санкт-Петербургке ұшуға дайындалып жатырмыз", - деп келтіреді "РБ Спорт" басылымы Вадим Евсеевтің сөзін.

"Ленинградец" футбол клубы ресми түрде шабуылдың қылмыстық сипатта екенін және оның футболмен ешқандай байланысы жоқ екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, бұл оқиға клубтарға, лигаға және Астрахань қаласына көлеңке түсірмесін деген тілектерін білдірді. Сондай-ақ "Волгарь" клубы да "Ленинградец" командасының бас бапкері мен оның көмекшісіне қолдау білдіріп, денсаулықтарының тезірек оңалып кетуін тілеген.

Ал шабуыл жасаған адамдар кейіннен ұсталып, қамауға алынды. Астрахань облысының полциясының хабарлауынша, 17 қарашада "Ленинградец" футбол клубының өкілдеріне, соның ішінде бас бапкер Вадим Евсеевке шабуыл жасаған екі жас жігіт ұсталды. Қазіргі уақытта оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін тергеу жүргізілуде. Оларға Ресей Қылмыстық кодексінің 213-бабының 2-бөлігі бойынша "Бұзақылық" айыбы тағылды.

"Оларға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Заңсыз әрекет үшін олар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылыуы мүмкін", - деп жазылған ресми хабарламада.

Айта кетейік, Вадим Евсеев футболшы ретінде Ресей құрамасы сапында 1999-2005 жылдары аралығында өнер көрсеткен. Ресейлік "Локомотив", "Спартак", "Торпедо", "Сатурн" секілді клубтарда доп тепкен.

Ал бапкерлік мансабында ресейлік "Амкар", "Анжи", "Уфа", "Факел", "Кубань" клубтарында қызмет еткен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2189009-kozim-ali-kormeidi-reseide-buzaqylar-bapkerge-shabuyl-zhasap-onyng-komekshisining-betin-tilip-zhibergen/