Қазақстандық конькиші Виталий Щиголев Жапонияның Хатинохе қаласында өткен төрт құрлық чемпионатында алтын медаль жеңіп алған еді. Ол жеңіс тұғырына көтерілгенде Қазақстанның ескі әнұраны қосылған. Бұған Қазақстан конькишілер одағы өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Виталий Щиголев ерлер арасындағы масс-стартта мәреге бірінші жетіп, жеңімпаз атанған болатын. Спортшыны марапаттау рәсімінде Қазақстанның ескі әнұраны қойылған. KAZ.NUR.KZ тілшісі осы жағдайға қатысты Қазақстан конькишілер одағына сауал жолдады.
"Федерация тарапынан ISU-ға (Халықаралық конькишілер одағы) және Жапония ұйымдастыру комитетіне хат жолданды. Себебі ту, әнұран секілді рәміздерді ISU техникалық директоры әр жарыстың алдында тексеруі қажет. Хаттарға жауап келген соң, министрлік пен Спортты дамыту дирекциясына жолдайтын боламыз", - деп жауап берді одақтың баспасөз хатшысы.
Еске салайық, кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлының жаңазеландиялық Андрей Михайловичпен жекпе-жегі алдында Қазақстанның ескі әнұраны қосылған еді. Кейін Туризм және спорт министрлігі ұйымдастырушыларға ресми наразылық нотасын жолдады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2189040-halyqaralyq-zharysta-qazaqstannyng-eski-anurany-shyrqaldy-federatsiia-pikir-bildirdi-video/