23-24 қараша күндері Қонаевта алғаш рет волейболдан қала әкімінің кубогі сынға түсті. Ересектер арасында өткен әуесқой жарысқа Қазақстанның түрлі өңірінен 12 команда қатысты. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Әкімдік мәліметіне сүйенсек, спортшыларды шараның ашылуымен қала әкімінің орынбасары Төлеген Кенжебеков құттықтаған.
"Қонаев қаласы облыс орталығы статусын алғалы тұңғыш рет әкім кубогі өтіп отыр. Алдағы уақытта да түрлі шараларды ұйымдастыру жоспарлануда. Сондай-ақ қаламызда бірқатар спорт нысаны бой көтереді деп көзделіп отыр. Келген қадамдарыңызға нұр жаусын! Баршаларыңызға сәттілік тілеймін", - деді ол.
Ашық турнирдің бірінші күні топтық кезең ойнатылып, жартылай финалға "Жаркент-Талды", "Жетісу облысы", "Шымкент", "Ширин" командасы шықты. Командалар ішінен Шымкент спортшылары кіл мықты екенін дәлелдеп, 1-орынды иеленді.
Екінші орынды Ұйғыр ауданынан келген спортшылар алса, 3-орынға жетісулық команда жайғасты. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар спортшылар жекелеген "Үздік ойыншы", "Үздік үйлестіруші", "Үздік тосқауылшы", "Үздік шабуылдаушы" номинацияларымен марапатталды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2191971-shymkenttik-sportshylar-voleiboldan-qonaev-qalasy-akimining-kubogin-zhengip-aldy/