Ресей Федерациясының спорт министрі Михаил Дегтярев жұмыс сапарымен Корей Халық Демократиялық Республикасына (КХДР) барды. Дегтярев Telegram желісіндегі ресми парақшасында Солтүстік Корея өкілдеріне екі ел арасындағы Олимпиада ойындарын өткізу туралы ұсыныс тастағанын жазды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Солтүстік Кореяға сапары барысында Дегтярев КХДР спорт министрі Ким Иль Гукпен ресми келіссөздер өткізді.
"Біз спорттық ынтымақтастықты дамытуға және КХДР-мен конструктивті диалог жүргізуге үлкен мән береміз. Біздің елдер арасындағы қатынастардың бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейінің дәлелі мемлекет басшылары қол қойған жан-жақты стратегиялық әріптестік туралы келісім.
2025 жылдан бастап екі жылда бір рет (кезекпен Ресей мен Кореяда) Ресей-Корей жазғы ойындарын өткізуді ұсындым. Ойындар бағдарламасына кемінде 10 спорт түрін енгізуге дайынбыз. Корея жағы біздің ұсынысымызды қолдады", - деп жазды Дегтярев.
Дегтяревтің айтуынша, Ресей мен КХДР алдағы жылдары спорт саласында тығыз ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отыр. Желтоқсан айында әйелдер хоккейі бойынша бірлескен жаттығу жиындары өтеді, ал 2025 жылы 13 спорт түрі бойынша жаттығу жиындарын ұйымдастыру туралы құжатқа қол қойылған.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2191976-resei-soltustik-koreiaga-birigip-olimpiada-oiyndaryn-otkizudi-usyndy/