Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жеке бапкерінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің басшысы болып тағайындалғаны туралы қауесетке жауап берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
"Жоқ, бұл шындыққа жанаспайды. Спорт комитетіне тағайындалған адам жаттығулар теориясы мен әдістемесінің қыр-сырын жақсы біледі. Ол еңбек сіңірген жаттықтырушы атағын алған, ондаған жыл бойы мемлекеттік қызметте, өңірде жұмыс істеген, ұлттық құраманы басқарған, мемлекеттік жаттықтырушы болып қызмет атқарған. Осы адам қазір спорт комитетін басқарады", - деді Мырзабосынов мәжіліс кулуарында.
Ербол Мырзабосыновтың айтуынша, комитеттің жаңа басшысы оны ешқашан жаттықтырмаған.
"Мен Солтүстік Қазақстанда клуб жетекшісі болып жұмыс істедім. Сол кезде бұл кісі де Солтүстік Қазақстанда спорт саласында қызмет атқарды. Бізде барлық тағайындаулар конкурстық процедура арқылы жүзеге асады. Белгілі бір мамандарды тағайындаудың кезеңдері бар. Бүгінде спорт комитетінің төрағасы Руслан Есеналин, ол менің бапкерім емес", - деп түйіндеді сөзін спорт министрі
Еске салайық, 11 қарашада Руслан Есеналин Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалған еді. Ол әр жылдары СҚО БЖСМ бокс және кикбоксинг бойынша жаттықтырушы-оқытушысы болып жұмыс істеді. Сондай-ақ СҚО Штаттық ұлттық командалар және спорттық резерв дирекциясының кикбоксинг бойынша мемлекеттік жаттықтырушысы болды.
Руслан Есеналин 2020 жылдан 2024 жылға дейін РУ "Құлагер" хоккей клубының директоры, ал 2024 жылдың маусымынан бастап "Астана" олимпиадалық даярлау орталығы РМҚК директорының орынбасары қызметін атқарды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2193132-erbol-myrzabosynovtyng-zhaqyny-sport-komitetin-basqaryp-otyr-ma-ministr-zhauap-berdi/