Еркін күрестен Олимпиада ойындарының екі дүркін чемпионы Абдулрашид Садулаев Алматыға келді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ қазақстандық балуан Әлішер Ерғалидің Instagram желісіндегі ресми парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
Еркін күрестен Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі Әлішер Ерғали Instagram желісіндегі ресми парақшасында Абдулрашид Садулаев екеуінің бірге түскен суретін жариялады. Ресейлік спортшы бұл сапарында Көлсайға барып, табиғат көрінісіне куә болған.
Ресейлік спортшы Абдулрашид Садулаев 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Олимпиада мен 2021 жылы Токиода өткен Олимпиадада алтын медаль еншілеген болатын.
Сондай-ақ ол әлем чемпионатында 5 мәрте (2014, 2015, 2018, 2019, 2021) алтын жүлдені иеленген ол биыл Тиранада өткен әлем біріншілігінде 92 кг дейінгі салмақта жеңіске жетіп, алтыншы мәрте әлем чемпионы атанды.
Айта кетейік, қазақстандық балуан Әлішер Ерғали Париж Олимпиадасында еркін күрестен 97 кг салмақ дәрежесінде бақ сынады. Ол жарыстың екінші айналымында Ахмед Тажудиновке жол берді. Ал жұбаныш белдесуінде ол Иран спортшысы Али Азарпирадан жеңіліс тапты.
Ал Абдулрашид Садулаев биыл жазда өткен Париж Олимпиадасына Ресейдегі санкцияға байланысты қатыса алмаған болатын.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2193252-olimpiadanyng-eki-durkin-chempiony-almatyga-kelip-qazaq-baluanymen-zhuzdesti/