Top.Mail.Ru
Спорт

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"Айсбергтер мен пингвиндер арасында жүзудің әсері бөлек": қазақ қызы алғаш рет Антарктида суларын жүзіп өтті (видео)

Жарияланған күні:

Әнел Сытдықова
Әнел Сытдықова. Фото: instagram.com/sytdykova_anel

Батыс Қазақстан облысының тумасы Әнел Сытдықова 12 қарашада Антарктида мұзды суларында 750 метр қашықтықты 18 минут 58,95 секундта жүзіп өтті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Kazinform агенттігінге сілтеме жасап хабарлайды.

Су температурасы -1,4°C болғанына қарамастан, Әнел Сытдықова бұл сынақты еңсере білді.

Әнелдің айтуынша, ол Антарктидаға 10 қарашада Дрейк бұғазындағы екі күнге созылған жүзуден кейін жеткен.

Әнел Сытдықова жүзуге қатысқан топта әлемнің әр түкпірінен келген 13 жүзуші мен бір дәрігер болды. Топты IISA (International Ice Swimming Association, Халықаралық қысқы жүзу қауымдастығы) негізін салушы Рам Баркай басқарды. Құрамда әлемге танымал жүзу шеберлері де болды, олардың арасында "Ice Seven" және "Oceans Seven" титулдарының иегері Кейт Стил ерекше орын алады.

"Біз үшін бұл он күн өте ерекше болды. Антарктида суларында жүзуге қолайлы сәтті күтіп, шыдамдылық таныттық. Сонымен қатар кемеде басқа жолаушылардың қауіпсіздігі мен тәртібін сақтау да маңызды еді.

Судың салқындығы -1,4 градус болса, желдің жылдамдығы сағатына 35 шақырым еді. Айсбергтер мен пингвиндер арасында жүзудің әсері бөлек. Антарктида мұздай құшағын ашқан аз ғана адамның қатарында болу мен үшін ерекше оқиға болды", - деді Әнел Сытдықова.

Әнел Сытдықова – триатлоннан Қазақстанның тұңғыш темір ханшайымы, сондай-ақ Ironman және Ultraman атақтарының иегері. Бұған дейін ол гидрокостюмсіз Ла-Манш бұғазын жүзіп өткен алғашқы қазақ қызы атанған.

2022 жылы жазда Әнел Манхэттен аралын айналып, 48,5 шақырым қашықтықты жүзіп өтті. Сол жылы Лос-Анджелесте Каталина бұғазын (34 шақырым) бағындырды. Бұл жетістіктер Әнелге ашық суда жүзуден "Үштік тәж" атағын алып келді. Осылайша, ол Triple Crown клубына мүшелікке қабылданған ТМД елдеріндегі алғашқы спортшы болды.

Айта кетейік, қазіргі таңда Әнел Сытдықова қазір отбасымен Лондон маңында тұрады. Оның алдағы жоспарларының қатарында АҚШ-тағы бірнеше ұзақ қашықтықтағы бәсекелерде жүзіп, жетістікке жету бар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2194938-antarktida-sularyn-algash-zhuzip-otken-qazaq-qyzy-qandai-qiyndyqty-engsergenin-aitty-foto-video/