Өзбекстан жасөспірімдер арасындағы 2025 жылғы Азия ойындарын өткізуден бас тартып, жарыс Бахрейнде өтетін болды. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) ресми сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары келер жылы Өзбекстанда болады деп жоспарланған еді. Бірақ бүгін, 2 желтоқсанда АОК атқарушы кеңесінің онлайн отырысында Өзбекстан аталған жарысты өткізуден бас тартқаны белгілі болды.
"Өзбекстан Ұлттық Олимпиада комитеті АОК-ға 2025 жылдың қыркүйегіне жоспарланған Азия ойындарын өткізе алмайтыны туралы хат жолдады. Өйткені Ташкенттегі Олимпиада қалашығының құрылысы уақытында аяқталмайды", - делінген хабарламада.
АОК атқарушы кеңесі Азия ойындарын Бахрейнде өткізуді бір ауыздан мақұлдап, Өзбекстан Ұлттық Олимпиада комитетіне барлық инвестициясы үшін алғыс айтты және Өзбекстан болашақта үлкен іс-шараларды өткізе алатынын жеткізді.
Еске салайық, Өзбекстан Ұлттық Олимпиада комитетінің төрағасы болып ел президенті Шавкат Мирзиеевтің өзі сайланған еді.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2195159-olimpiada-qalashygy-salynyp-bitpegen-ozbekstan-2025-zhylgy-aziia-oiyndaryn-otkizuden-bas-tartty/