Париж Олимпиадасында таеквондодан Тунис құрамасын дайындап, 1 алтын, 1 қола медаль алып берген қазақ бапкері Есбол Сұлтанов "Жылдың үздік бапкері" атанды. Бұл жөнінде KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Сүйінші жаңалық "Барыс" таеквондо орталығының Instagram-дағы парақшасында жарияланды.
"Гонконгта Дүниежүзілік таеквондо федерациясы (Workd Taekwondo) таеквондодан 2024 жылдың үздіктерін марапаттау рәсімін өткізді. Жылдың "Ең үздік бапкері" болып Тунис ұлттық құрамасының бас бапкері, қазақстандық маман Есбол Сұлтанов атанды. Таеквондо тарихында тұңғыш рет қазақстандық бапкер жыл үздіктерінің қатарында. Құттықтаймыз! Біз сізбен мақтанамыз!" - делінген жазбада.
Айта кетейік, Есбол Сұлтанов 2023 жылдың қыркүйегінде Тунис мемлекетінің шақыруымен шетел асқан болатын. Биыл жазғы Олимпиада ойындарында оның шәкірттерінің бірі қола медаль жеңіп алса, бірі чемпион атанды.
Бапкер KAZ.NUR.KZ тілшісіне сұқбат беріп, екі елдегі таеквондоны салыстырған еді. Жақында жаттықтырушыға таеквондодан Қазақстан федерациясы ұсыныс білдіргені мәлім болды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2196312-taekvondo-tarihynda-tunggysh-ret-tunisten-olimpiada-chempionyn-shygargan-esbol-sultanov-alem-boiynsha-uzdik-bapker-atandy-foto/