Қазақстандық теннисші Юлия Путинцева YouTube желісіндегі "Лучший теннисный подкаст" арнасына берген сұқбатында Қазақстанға көшу себебін айтып берді. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Юлия Путинцева сұқбат барысында өзінің Қазақстанға көшуі туралы айта отырып, Ресейде теннисші ретінде алға жылжу қиын болғанын атап өтті.
"Мен Ресейде жасөспірімдер арасында көшбасшы болдым. Бірақ тегін жаттығуға мүмкіндік берілмеді. Әкем барлық шығынды өзі көтерді – корттарды жалға алу, жаттықтырушылардың қызметі, доптар... Қазақстанға алғаш келгенімде, бірден жаңа доптар қорабын берді. Әкем таңғалды: "Қорап толы жаңа доптар!" - деді. Тіпті мұндай қолдауды ешқашан көрмеген едік," - деп еске алды теннисші.
Оның айтуынша, Қазақстанда оған барлық жағдай жасалды. Сапалы жаттығу базалары, кәсіби жаттықтырушылар, қажет жабдықтармен көмек көрсетілді.
"Қазақстан маған жаттығу үшін барлық жағдай жасады. Олардың қолдауының арқасында мен өзімнің шынайы мүмкіндіктерімді көрсете алдым. Егер Ресейде жағдай жасалғанда, бәлкім, мен көшпес те едім. Бірақ Қазақстанға келгеніме еш өкінбеймін", - деді Юлия Путинцева.
Осылайша, ол Қазақстан атынан сынға түсуге мүмкіндік алған. Қазақстан атынан ойнаған алғашқы жылдары ол жан-жақты қолдауды сезінген.
"Федерация ойыншыларға әрдайым көмектесуге тырысады. Мысалы, тізем ауырып жүргенде олар маған физиотерапия ұйымдастырып берді. Жарысқа дайындық кезінде де көп қолдау көрсетіледі. Федерация әрдайым қолдап, тіпті кішкентай жеңістерге де құттықтаулар жіберіп отырды.
Мен қазір қай жерде жетістікке жетсем де, бұл Қазақстанның арқасы деп білемін. Олар менің жаттығуыма, дайындалуыма барлық жағдай жасады", - деді теннисші.
Айта кетейік, Юлия Путинцева қазіргі таңда WTA-дің рейтингінде 29-орынға жайғасқан. Ал Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина аталмыш рейтингтің 6-сатысына жайғасқан.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/sport/other-sports/2204367-qazaqstanga-kelgenime-esh-okinbeimin-tennisshi-iuliia-putintseva-reseiden-koshu-sebebin-tusindirdi/