Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Таулы Қарабақ пен Әзірбайжан арасындағы қақтығыста 200 әскери адам қайтыс болды

Жарияланған күні:

Таулы Қарабақ аймағында жағдай күрт шиеленісіп, қарсылас тараптар арасында кескілескен шайқас жүріп жатқаны хабарланды. Баку мен Ереван қарулы жанжалға бір-бірін айыптады деп хабарлайды Азаттық Радиосы.

Талуы Қарабақтың Қорғаныс министрлігі Әзірбайжанның 200 әскери адамы өлтірілгенін мәлімдеді деп жазады "Интерфаксқа" сілтеме жасаған "Дождь" сайты.

"Сенбіге қараған түннен бастап тәулік бойына әзірбайжандық тарап 200 әскери қызметкерінен айырылды", — делінген аталмыш министрліктің баспасөз хабарламасында.

Әзірбайжан әскерилері мен өзін-өзі жариялаған Таулы Қарабақ аймағы қарулы күштері арасында сәуірдің 2-іне қараған түні жағдайдың ушығып кетуіне екі тарап бір-бірін айыптап жатыр.

Армения әскерилері Әзірбайжан жағын танктер, ауыр артиллерия мен әскери тікұшақ қолданып, шабуылдады дейді. Әзірбайжан тарапы өз әскери позицияларын сенбіге қараған түні Армения әскерилері бастырмалата атқылағандықтан, оларға жауап ретінде "төтенше шаралар" қолдануға мәжбүр болғанын мәлімдеген.

Өзін өзі жариялаған Таулы Қарабақ республикасы (ТҚР) қорғаныс министрлігі Әзірбайжан қарулы күштері тарапынан болған атыс салдарынан 12 жастағы ұл бала мерт болып, тағы екі бала жараланған деген ақпарат таратты. Әзірбайжан Ішкі істер министрлігі Армения жағының атқылауы кезінде бір бейбіт тұрғынның мерт болғаны туралы хабарлады.

ТҚР Қорғаныс министрлігі қарсылас екі тарап арасындағы сызық бойында «кескілескен шайқас жүріп жатқаны» туралы хабарлады. Олардың әзірбайжандық әскери тікұшақты атып түсіргені туралы таратқан хабарын Әзірбайжан жағы жоққа шығарды.

Әзірбайжан Сыртқы істер министрлігі өз мәлімдемесінде қарулы жанжал үшін жауапкершілікті Арменияға артқан. Әзірбайжан Қорғаныс министрлігі өз әскери позицияларын Армения қарулы күштері артиллериядан, минометтер мен гранатометтерден бастырмалата атқылағаны туралы айтты.

Армения даулы аймақта әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы бітім жасалған 1994 жылдан бергі кезеңдегі ең қиын жағдай қалыптасқанын мәлімдеді.

"Армения жағдайды тұрақтандыру үшін барлық қажетті шаралар қабылдауға әзір", - деді үкіметтің төтенше отырысын өткізген Армения премьер-министрі Овик Абрамян.

Ресей президенті Владимир Путин 2 сәуір күні Баку мен Ереванды әскери іс-қимылдарды дереу тоқтатуға шақырды деп хабарлайды ресейлік баспасөз құралдары. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу Армения мен Әзірбайжан қорғаныс министрлерімен телефон арқылы сөйлесіп, аймақтағы жағдайды неғұрлым тезірек тұрақты қалпына келтіру қажеттігін талқылағаны хабарланды.

Даулы аймақта жағдайдың күрт шиеленісіп кетуіне байланысты алдағы аптада Венада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Таулы Қарабақ бойынша Минск тобы теңтөрағаларының шұғыл жиыны өтпекші. Таулы Қарабақтағы бұл жолғы қарулы қақтығыс АҚШ-тың екі тарапты даулы аймақ мәселесі бойынша өзара келісімге келуге шақырған тұста шығып отыр.

Сәуірдің 1-і күні Вашингтонда АҚШ вице-президенті Джо Байден Армения және Әзірбайжан президенттерімен кездескен еді. Ақ үйдің хабарлауынша, Байден "күш көрсетудің жалғасып отырғанына алаңдаушылық білдіріп, даулы аймақта ұзақ мерзімді тұрақтылық пен қауіпсіздік орнап, гүлденуі үшін екі тарапты диалогқа шақырған".

Өз кезегінде Армения мен Әзірбайжан басшылары даулы мәселені бейбіт жолмен реттеуге мүдделі екендерін айтқан. 31 наурызда Вашингтонда АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керримен кездесуде Таулы Қарабақ жанжалын реттеуге деген АҚШ-тың ниетіне ризашылық білдірген Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев, ол үшін БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қарарында айтылғандай "Армения әскерін Әзірбайжан аумағынан сөзге келместен шығаруы тиіс" екендігін атап өткен.

Негізінен армяндар көп қоныстанған Таулы Қарабақ аймағы 1991 жылы Әзірбайжан құрамынан шығатыны туралы мәлімдегеннен кейін, оның соңы қарулы жанжалға ұласып, салдарынан 30 мыңға жуық адам мерт болған. Халықаралық бітімгерлердің қатысуымен 1994 жылы Армения мен Әзірбайжан арасында атысты тоқтату туралы келісім жасалған. Алайда, соған қарамастан, даулы аймақпен шектесетін сызық бойында әзербайжан мен армян әскерилері арасында оқта-текте қарулы атыс болып қалатын еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1089291-tauly-qarabaq-pen-azirbayzhan-arasynd/