Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қырғыз жігіті ұшақ құлаған соң әйелі мен екі баласынан айырылып қалды (фото)

Опубликовано:

Қырғызстан астанасы Бішкекке таяу орналасқан Манас әуежайы маңындағы саяжайға ұшақ құлағанда Сағынбек Рахмановтың отбасы опат болды. Қаңтардың 17-сі күні оның әйелі мен екі баласын жерледі деп жазады Азаттық.

Манас әуежайы маңындағы Дача ауылына ұшақ құлағанда 24 жастағы Венера Дуйшеева мен оның екі баласы қаза тапты. Опат болған әйел үшінші балаға жүкті болған. Қаңтардың 17-сі күні олардың сүйегін Ноокен ауданы Кұрұлыш ауылында жер қойнына тапсырды.

Әйелі мен балаларынан айырылған отағасы, 30 жастағы Сағынбек Рахмановтың денесін күйік шалған. Ол қазір Бішкек клиникаларының бірінде жансақтау бөлімінде жатыр.

Венера Дуйшееваның әпкесі Гүлсін Исманова апат алдындағы түні балалардың нағашы аталарының үйінде болғанын айтады.

- Нағашы аталары "қалыңдар" деп сұрағанына қарамай, күйеубалам "ертең ерте жұмысқа шығамын" деп, бала-шағасын түн ішінде алып кеткен. Қаңтардың 16-сы таңертең ол жұмысқа барамын деп көлігін қыздырып отырған екен. Олардың үйі әуежай жанындағы бірінші үй болғандықтан ұшақ әуелі сол жерге құлаған. Сағынбек отырған көліктің екі дөңгелегінен басқа ешнәрсесі қалмады. Үй ішінде ұйықтап жатқан келіншегі мен екі баласы қаза тапты. Өзі денесін күйік шалып, Бішкектегі аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Ахуалы жайында ешнәрсе білмейміз. Сіңлім мен балалардың денесі күйіп кеткен. Қаладағы мәйітханада әрең танып, сүйектерін туған жеріне апардық, - дейді Гүлсін Исманова.

Сағынбек Рахманов пен Венера Дуйшеева 2010 жылы отасқан. Олардың үшінші балалары бір айдан кейін дүниеге келуі тиіс еді. Сот-медициналық эксперттер баланы әйелдің құрсағынан алуға мәжбүр болды. Нәресте қыз екен, шаранаға Аян деп ат қойып жерлеген.

Ал Сағынбектің анасы Айтби Исабаеваға бұл қайғы ауыр тиген.

- Не істеймін енді...О, Жаратқан, не күнәміз бар еді?! Балалардың айыбы не?! Балам жұбайымен Ресейде жұмыс істеп, кейін "қара тізімге" ілігіп, бара алмайтын болған. Сосын Бішкектен жұмыс іздеп жүрген. Үш ай бұрын сүт таситын көліктің жүргізушісі болып жұмысқа орналасып, бала-шағасын алып кеткен. Мұндағы салып жатқан үйі толық бітпегендіктен, соны бітіруге ақша табам деп жұмыс істеп жүрген. Олар тұрған саяжайдағы үй басқа біреудікі еді. Не істерімді де білмей қалдым. Ұлым есін жиған соң бала-шағасының опат болғанын естігенде жағдайы қандай болады деп уайымдаймын, - деді ол.

«Боинг-747» жүк ұшағы қаңтардың 16-сы күні таңғы сағат 7:20 шамаларында Манас әуежайы маңындағы Дача-СУ саяжайына құлаған еді. Ұшақ Гонконгтан Стамбулға ұшып бара жатып, жанармай толтыруға қонбақ болған. Ресми мәлімет бойынша, ол апаттан 37 адам қаза тапты, 10-нан аса адам жараланған. ​

Тағы оқыңыздар:

Соңғы 20 жылда істі болған танымал шенеуніктер кімдер?

ОҚО-да қыз болып туылып, кейін ұлға айналған сәбидің тағдыры (фото)

Зейнеттегі ұстаз: Баян бақытын тапты, енді Бақытбекті түрмеден шығару керек

Елімізде мыңдаған ауыл әкімі жеке бюджет ұстайтын болды

"Азаматтарға арналған үкіметтің" басқарма төрағасы қызметінен кетті

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1380098-qyrghyz-zhigiti-ushaq-qulaghan-sonh-ayeli-m/

pixel