ДДСҰ: Алдағы қыста екі-үш миллион украиндық "жылу мен қауіпсіздік іздеп" үйлерін тастап кетуі мүмкін
Жарияланған күні:
Ресейдің Украинаның энергетикалық секторын жою әрекеті осы қыста миллиондаған украиндықтың өміріне қауіп төндіреді. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық кеңсесінің басшысы Ханс Хенри Клюге мәлімдеген, деп хабарлайды BBC.
"Украинаның энергетикалық инфрақұрылымының жартысы бүлінген немесе қираған. Бұл денсаулық сақтау жүйесі мен адамдардың денсаулығына қазірдің өзінде әсер етуде. Қарапайым сөзбен айтқанда, биылғы қыста адамдар аман қалу мәселесімен бетпе-бет келеді", – деді Клюге Киевте өткен брифингте.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бағалауы бойынша, алдағы қыста тағы екі-үш миллион украиндық "жылу мен қауіпсіздік іздеп" үйлерін тастап кетуі мүмкін. Ел тұрғындары жылу мен жарықтың жоқтығынан әдеттегіге қарағанда респираторлық инфекциялар, тұмау және коронавирусқа көп шалдығады.
Ресейдің энергетикаға соққы беруіне байланысты, ДДҰ өкілінің айтуынша, жүздеген ауруханалар мен басқа да денсаулық сақтау мекемелері қазірдің өзінде қалыпты жұмыс істей алмауда – электр қуаты мен су жоқ немесе жеткіліксіз. Клюгенің айтуынша, перзентханаларға инкубаторлар, қан банктеріне тоңазытқыштар, реанимация бөлімдеріне вентиляторлар қажет, ал бұлардың барлығы энергияны қажет етеді.
Клюге сондай-ақ ДДҰ Донецктегі 17 000 АИТВ жұқтырған науқастардың тағдырына алаңдайтынын айтты, олардың жақын арада өмірді сақтайтын ретровирусқа қарсы препараттары таусылуы мүмкін. Донецк аймағының көп бөлігі Ресейдің бақылауында, ал Клюге жаңадан қайтарылған және басып алынған барлық аудандарға гуманитарлық медициналық дәліз құруға шақырды.
Сондай-ақ, коронавирустық инфекцияның көбеюіне алаңдаушылық бар.
"Вакцинация деңгейінің төмендігіне байланысты, миллиондаған украиндықтың ковидке қарсы иммунитеті жоқ немесе әлсіреген, – деді Клюге.
Жақында Украинада қар жауып, ауа температурасы нөлден төмен түсті. Қыста температура -20 градусқа дейін және одан да төмен түсуі мүмкін. Украинадағы электр энергиясының 25 пайыздан астамын өндірген Запорожье АЭС-і қазір іс жүзінде жұмыс істемейді. Өткен демалыс күндері ол тағы да оқ астында қалды.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/1998351-ddu-aldagy-qysta-eki-us-million-ukraindyq-zylu-men-qauipsizdik-izdep-uilerin-tastap-ketui-mumkin/