Тәжікстанда қар көшкіні салдарынан 10 адам қаза тапты
Жарияланған күні:
Тәжікстанда 15 ақпанда қар көшкіні салдарынан 10 адам қаза тапты, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ республика үкіметі жанындағы Төтенше жағдайлар және азаматтық қорғаныс комитетінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Душанбе - Варзоб тас жолында қар көшкіні төрт көлікті басып қалған. Салдарынан бір адам қаза тапқан.
Вандж аймағында қалың қар жаууына байланысты қар көшкіні жүріп, тағы бір адам қаза тапқан. Ал Хорог қаласында сегіз адам қар көшкінінің құрбаны болған.
"Хорог қаласында қар көшкіні салдарынан 22 тұрғын үй бүлінді: төрт үй толығымен, 18-і жартылай бүлінген. Табиғи апат салдарынан сегіз жергілікті тұрғын қаза болды", - делінген ТЖК хабарламасында.
Құтқарушылар тоғыз адамды аман алып қалған.
Сондай-ақ адамдарды эвакуациялау және оларды қауіпсіз аймаққа көшіру үшін ТЖК төрағасының бірінші орынбасары полковник Хотамшо Латифзоданың жетекшілігімен жұмыс тобы құрылған.
Ведомство қар көшкіні қаупі өңірде әлі үш-төрт күнге дейін сақталатынын ескертті.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2009601-tazikstanda-qar-koskininin-saldarynan-10-ga-zuyq-adam-qaza-tapty/