Ыстамбұлда толассыз жауған жаңбырдан су тасқыны болып, екі адам қаза тапты
Жарияланған күні:
Читать на русскомТүркияның ең ірі қаласы Ыстамбұлда нөсер жаңбыр салдарынан су тасқыны болды. Түркия Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, төтенше жағдай салдарынан екі адам көз жұмған, деп хабарлады Haberturk.
Телеарнаның хабарлауынша, Ыстамбұлдың батысында орналасқан Арнавуткей және Башакшехир ауданы нөсер жаңбырдан ең көп зардап шеккен. Арнавуткей жаңа Ыстамбул әуежайына жақын жерде орналасқан және ауданда бірнеше рейс кешіктірілген. Жолдардағы су тасқынына байланысты көлік қозғалысы қиындап, билік халықты ешқайда шықпауға шақырды.
Телеарна мәліметінше, Түркияның денсаулық сақтау министрі Фахреттин Кожа Ыстамбұлда жауған нөсер салдарынан екі адам көз жұмып, су тасқынынан зардап шеккен бес адам ауруханаға жеткізілгенін мәлімдеген.
Нөсер жаңбыр салдарынан үйлер мен ауруханалар суға батқан. Толассыз жауған жаңбырға байланысты Башакшехирдегі Ұлттық кітапханаға келушілер қамалып қалған. Құтқарушылар оларды эвакуациялап, аудан әкімдігінің ғимаратына жеткізді. Сондай-ақ бір метро стансысы – Каяшехир де жабулы күйде қалған.
Жергілікті тұрғындар әлеуметтік желіде су басқан аумақтардың видеосын таратып жатыр. Кей видео кадрларында толып қалған арнадан шыққан су ағыны бірнеше көлікті ағызып кеткенін көруге болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2035438-ystambulda-tolassyz-zaugan-zanbyrdan-su-tasqyny-bolyp-saldarynan-eki-adam-qaza-tapty/