Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Новости русской службы Би-би-си

15 жасында зорлықпен тұрмысқа берілген ирандық келіншек күйеуін өлтіргені үшін дарға асылды

Жарияланған күні:

Иранның байрағы
Иранның байрағы. Көрнекі фото: Рexels.com

Сәрсенбіде Иранда күйеуін өлтіргені үшін өлім жазасына кесілген және он жыл түрмеде отырған 29 жастағы Самира Сабзиан дарға асылды. Ол биыл Иран билігі өлім жазасына кескен он сегізінші әйел болды.

Өлім жазасы Тегеран Карадже маңында, елдегі ең ірі түрмелердің бірі "Гезель Хесар" түрмесінде өтті, деп хабарлайды Норвегияда орналасқан Иран құқық қорғау ұйымы (IHR).

Иран баспасөзі бұл туралы хабарламады, билік те ресми растаған жоқ. Самира 15 жасында тұрмысқа шығып, оның туыстарының айтуынша, жүйелі түрде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған.

19 жасында ол күйеуін өлтірді деген айыппен қамауға алынды. Сот оған бірден өлім жазасын кескен, бірақ оның орындалуы бірқатар бюрократиялық себеппен кейінге қалыпты. Тұтқындау кезінде оның екі баласы болған (олардың бірі емшектегі бала), олар он жыл ішінде бір-бірін бір рет қана көруге рұқсат алған - өлім жазасына дейін, желтоқсанның басында.

"Самира жылдар бойы гендерлік апартеидтің, балалық шақтағы некенің және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болды және бүгінде бұл режимнің қабілетсіз және жемқор кісі өлтіру машинасының құрбаны болды", - деді IHR басшысы Махмуд-Амири Могаддам.

Amnesty International құқық қорғау ұйымы және бірқатар елдің үкіметтері, соның ішінде Ұлыбритания, Иран билігімен келіссөздер жүргізу арқылы жас әйелдің өмірін сақтау үшін көптеген жыл бойы күресіп келген.

"Самира "балалар некесінің" құрбаны болды. Иран әйелдер мен қыздарға дөрекі қарауды тоқтатуы керек", - деп жазды Х әлеуметтік желісінде Ұлыбритания СІМ басшысының орынбасары Тарик Ахмад.

Құқыққорғаушылардың айтуынша, кейінгі уақытта Иранда өлім жазасы айтарлықтай көбейген, биылғы қарашада 115 адам өлім жазасына кесілген. Amnesty International мұны мемлекет заңдастырып отырған сериялық кісі өлтіру деп атап, Тегеранды тоқтатуға шақырды. Ослодағы Иран құқық қорғау ұйымы халықаралық қауымдастықты Иранға қатысты елеулі шаралар қабылдауға үндеген.

"Бұл режим тек кісі өлтіруге оқталған және өзі жасап алған қорқыныш атмосферасы арқылы өмір сүреді. Әли Хаменеи мен Ислам Республикасының басқа басшылары өз ісі үшін жауап беруі керек", - деді Махмуд-Амири Могаддам.

Самира Сабзиан 2023 жылы өлім жазасына кесілген 18-ші әйел болды. Бұл қорқынышты статистика, дейді құқық қорғаушылар. Салыстырып қарағанның өзінде, IHR мәліметтері бойынша, 11 жыл ішінде - 2010-2021 жылдар аралығында - 164 әйел өлім жазасына кесілген. Ұйым бұл тек белгілі болған жағдайлар екенін және нақты көрсеткіш бұдан әлдеқайда асып түсуі мүмкін екенін мәлімдеді.

Жазаға кесілген ирандық әйелдердің 66 пайызы күйеуін өлтірді деп айыпталған. Иран заңдары бойынша, әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болса да, қайсыбір жағдайда да ажыраса алмайды. Иранның әйелдерге қатысты құқықтық жүйесінде еріксіз кісі өлтіру немесе ықпал ету жағдайында кісі өлтіру сияқты мән-жайлар қаралмайды, сонымен қатар қылмысқа әкеп соққан жағдайлар да ескерілмейді.

Өлім жазасына кесілген әйелдер көбіне "отбасының абыройын" қорғауды қалайтын ата-аналарының қолдауынан айырылады. Халықаралық ұйымдардың мәліметі бойынша, Иран мен Қытай өлім жазасын әлемдегі қайсыбір елге қарағанда көп қолданады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2051817-15-zasynda-zorlyqpen-turmysqa-berilgen-irandyq-kelinsek-kuieuin-oltirgeni-usin-darga-asyldy/