Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

"100-ден астам адамның өмірін жалмады": БҰҰ Ирандағы лаңкестік әрекетті айыптады

Жарияланған күні:

Керман қаласындағы жарылыс
Керман қаласындағы жарылыс. Фото: Фото: Anadolu Agency / Contributor/ Getty Images

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Кермандағы (Иран) шабуылды қатаң айыптап, кінәлілерді жауапқа тартуға шақырды. Бұл ақпарат ұйымның сайтында жарияланды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Гутерриштің ұстанамын брифингте БҰҰ-ның баспасөз хатшысы Флоренсия Сото Ниньо жеткізді.

"Бас хатшы Иран Ислам Республикасының Керман қаласындағы еске алу рәсімінде 100-ден астамның адамның өмірін жалмап, тағы көптеген адам жарақат алған шабуылды қатаң айыптайды. Бас хатшы кінәлілерді жауапқа тартуға шақырды", – делінген хабарламада.

Бұған қоса Гутерриш қаза тапқандардың туыстарына, сондай-ақ Иран халқы мен үкіметіне көңіл айтты. БҰҰ Бас хатшысы жаралылардың тезірек сауығып кетуін тіледі.

Ирандағы лаңкестік

Айта кетейік, 2024 жылғы 3 қаңтарда Иранның Керман қаласында генерал Қасым Сүлейманиді еске алуға арналған шеру кезінде жарылыс болды. Соңғы мәліметтер бойынша 103 астам адам қайтыс болды.

CNN мәліметінше, әскери қолбасшы Қасым Сүлейманидің бейтінің маңында болған екі бірдей жарылыстан кемінде 103 адам қаза тауып, тағы 141 адам жарақаттанған. Ел билігі бұл оқиғаны "лаңкестік шабуыл" деп атады.

Жергілікті ақпарат құралдарының жазуынша, бірінші жарылыс Сүлеймани бейітінен 700 метр жерде, ал екіншісі бір шақырым жерде болған. IRINN мемлекеттік телеарнасы тілшілерінің хабарлауынша, Сүлеймани бейітінің маңындағы алғашқы жарылыс Peugeot 405 көлігінің ішіндегі чемоданға салынған бомбаның жарылуы салдарынан болған, "оны қашықтан жарған" деген болжам бар.

Иранның ішкі істер министрі Ахмад Вахиди алғашқы жарылыс жергілікті уақыт бойынша 15:00-де (Астана уақыты бойынша шамамен 17:30) болғанын айтты. Оның айтуынша, 20 минуттан кейін, яғни шеруге қатысушы басқа адамдар жаралыларға көмекке келген кезде, екінші, аса қауіпті жарылыс болған.

CNN арнасы таратқан мәліметке сүйенсек, әлі ешбір топ жарылыстарға жауапкершілік алған жоқ.

Иранда бейсенбі, 4 қаңтар қаралы күн деп жарияланды.

Қасым Сүлеймани деген кім?

Генерал Қасым Сүлеймани Ислам революциясы сақшылары корпусының (Пасдаран) Ираннан тыс жерлерде арнайы операцияларды ұйымдастыруға арналған "Құдыс" жасағының басшысы болған.

Ол 2020 жылғы 3 қаңтарда Иракта АҚШ-тың әуе соққысынан қаза тапты. Кейінірек Пентагон оның АҚШ-тың сол кездегі президенті Дональд Трамптың бұйрығымен өлтірілгенін растады. Сүлеймани Иран халқының қазіргі рухани көсемі-Әли Хаменеиден кейінгі ең ықпалды тұлға саналған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2053823-100-den-astamnyn-adamnyn-omirin-zalmady-buu-irandagy-lankestik-areketti-aiyptady/