Францияда гей екенін ашық мәлімдеген шенеунік үкімет басшысы болды
Жарияланған күні:
Франция президенті Эммануэль Макрон елдің жаңа премьер-министрінің атын жариялады. Ол - 34 жастағы білім министрі Габриэль Атталь, деп хабарлайды РИА Новости.
Францияның бұрынғы премьер-министрі Элизабет Борн дүйсенбіде отставкаға кетті. Ал 34 жастағы Атталь Франция тарихындағы ең жас премьер-министр болды. Ол бұған дейін білім министрі қызметін атқарған. Енді Габриэль Атталь Франция президенті Эммануэль Макронға жаңа үкімет құруға ұсынысын айтуы керек.
BBC мәліметінше, шенеунік үкімет басшысы ретінде тағайындалған осы елдің тарихындағы алғашқы гей болған.
Сондай-ақ басылым мәліметінше, елде көпшілік бұл тағайындауды президенттің бірнеше саяси жеңілісінен кейін және Еуропарларменттегі мамыр айындағы сайлау қарсаңында (бұл сайлауда Марин Ле Пеннің ұлтшыл партиясы жеңуі мүмкін) Макрон командасының ауысып жатқанын білдіреді деп санайды.
Эммануэль Макрон үкіметтің құрамын өзгертуді қажет деп санауы мүмкін деген әңгіме Францияда кем дегенде бірнеше апта бойы жалғасып келген еді.
Макрон 2027 жылғы президенттік сайлауға қайта қатыса алмаса да, оның үкіметінің жұмысын жандандыру Ле Пеннің президент болуына жол бермеу үшін өте маңызды болып саналады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2054679-franciyada-gei-ekenin-asyq-malimdegen-seneunik-ukimet-bassysy-boldy/