Иран Ирактағы АҚШ консулдығы мен Сириядағы ДАИШ бекіністеріне зымыранмен соққы жасады (видео)
Жарияланған күні:
Иран АҚШ-тың Ирактағы консулдығы мен әскери базасына, Сириядағы ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) бекіністеріне зымыранмен шабуылдар жасады.
РБК араб тіліндегі Mehr басылымына сілтеме жасап, Ирактың Эрбиль қаласындағы АҚШ консулдығы Иран тарапынан баллистикалық зымыран шабуылына ұшырағанын хабарлады. Қаза болғандар бар.
Иранның таңдаулы әскері болып саналатын Ислам революциясы сақшылары корпусы шабуылға жауапкершілікті өз мойнына алды.
"Исламдық Иран дұшпандарының кейінгі лаңкестік қылмыстарына жауап ретінде тыңшылар штабы Ислам революциясы сақшылары корпусының баллистикалық зымырандармен жасалған шабуылына ұшырап, жойылды", - делінген ирандық әскерилердің мәлімдемесінде.
Олардың айтуынша, ирандық әскерлер тек консулдыққа ғана емес, америкалық әскери базаларға да шабуыл жасаған.
Америкалық ABC News басылымы Күрдістанның аймақтық қауіпсіздік кеңесіне сілтеме жасап, шабуыл салдарынан төрт адам қаза тауып, тағы алты адам жараланғанын хабарлады.
Алайда Ирак қауіпсіздік қызметінің мәліметінше, шабуылдан америкалық әскерилер мен дипломаттар зардап шеккен жоқ.
Ирак үкіметі бүгін қауіпсіздік мәселелеріне арналған жиын өткізеді. Ирактың бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, отырыстың негізгі мәселесі – Иранның Ирак территориясын бұзуы және Иранның екі ел арасындағы қауіпсіздік келісімін орындамауы.
Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі Адриен Уотсон Иран әскерилерінің шабуылдарын "жіті ойластырылмаған және соққылары дәл емес" деп атады, деп жазды РИА Новости.
"Біз хабарламаларды қарап шықтық және Ирактың солтүстігі мен Сирияның солтүстігіне түскен зымырандарды қадағалап отырдық. АҚШ әскерилерінің ішінен ешбір адам немесе бір де бір америкалық нысан зардап шеккен жоқ. Біз Ирактың жоғары лауазымды тұлғаларымен, сондай-ақ Күрдістанның шенеуніктерімен байланыстамыз", - деді Уотсон.
Оның айтуынша, АҚШ бұл жайтты бағалауды жалғастырады, бірақ Вашингтонның әуелгі бағасы – Иранның шабуылы "жіті ойластырылмаған және соққылары дәл емес".
"Америка Құрама Штаттары Ирактың егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қолдайды", - деді Ақ үй өкілі.
Ал Al Jazeera арнасының Иранның мемлекеттік ақпарат құралдарына сілтеме жасап хабарлауынша, Ислам революциясы сақшылары корпусы да Сириядағы ДАИШ позицияларына (Қазақстанда тыйым салынған ұйым) зымыранмен соққы жасалғанын мәлім еткен.
"Гвардия Ирандағы соңғы лаңкестік әрекеттерге жауап ретінде ИМ қолбасшылары мен негізгі элементтерінің жиналатын жерлерін баллистикалық зымырандар сериясымен анықтап, жойды", - делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Иранның Керман қаласында Касем Сүлейманиді еске алу шарасында болған жарылыстар үшін жауапкершілікті "Ислам мемлекеті" (ДАИШ) тобы өз мойнына алған еді. Жарылыстардан 100-ге жуық адам қаза тапты.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2055675-iran-iraktagy-aqs-konsuldygy-men-siriyadagy-dais-bekinisterine-zymyranmen-sabuyl-zasady-video/