Гаага соты Израильге Газадағы геноцидті болдырмау үшін шаралар қабылдауды бұйырды
Жарияланған күні:
Жұма күні Халықаралық сот Оңтүстік Африканың Израильге қарсы арызы бойынша алғашқы шешім шығарып, Израильге Газа секторындағы геноцид әрекеттерін болдырмау, оған қатысы барларды жазалау және анклавтағы гуманитарлық жағдайды жақсарту үшін қажет шараларды қабылдауды бұйырды.
Сот алқасының мүшелері Оңтүстік Африка сұраған шаралардың барлығын дерлік қолдап дауыс берді.
Желтоқсан айында Оңтүстік Африка Израильдің Газа секторындағы әскери әрекеттерін палестиналықтарға қарсы геноцид деп айыптап, халықаралық сотқа барып, соғысты тоқтату үшін шұғыл халықаралық деңгейде араласуды талап етті.
Жұма күні Оңтүстік Африканың палестиналық бейбіт тұрғындарды қорғау үшін Израильге дереу қысым көрсету шаралары туралы талабы ғана қаралды, ал геноцид туралы соңғы үкім бірнеше жылдарға созылуы мүмкін.
Халықаралық соттың бұл кезеңде Оңтүстік Африканы қолдауға келіскені Израильге қарсы халықаралық санкцияларға әкеп соқтыруы мүмкін.
Израиль барлық айыптарды жоққа шығарып, соттан істі толығымен тоқтатуды сұрады.
Бейсенбіде Израиль үкіметінің өкілі Эйлон Леви: "Біз, әрине, соттан бұл абсурдты және күлкілі айыптауларды толығымен жоққа шығарады деп күтеміз", - деді.
Гаагада орналасқан Халықаралық сот БҰҰ-ның жоғарғы соты болып саналады.
Ол Израильге 7 қазанда ХАМАС-тың шабуылынан туындаған Газаға қарсы құрлық шабуылы мен әуе шабуылдарын тоқтатуға бұйрық бере алатын еді.
Алайда бұл Израиль соттың талаптарын міндетті түрде орындайды дегенді білдірмейді.
7 қазанда ХАМАС содырлары мен басқа да кішігірім топтар Израильдің оңтүстігіне басып кіріп, 1300 адамды, негізінен бейбіт тұрғындарды өлтірді және 240-қа жуық адамды кепілге алды.
Израильдің Газаға жасаған жойқын шабуылы содан бері анклавтың 25 мыңнан астам тұрғынының өмірін қиды, олардың көбі әйелдер мен балалар. Бұл туралы ХАМАС бақылайтын Газа денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.
Бұған қоса Түркия Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхуға қарсы Гаагадағы халықаралық қылмыстық сотқа шағым түсіргенін жазған едік. Анкара оны Газада геноцид жасады деп айыптап отыр.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2057794-gaaga-soty-izrailge-gazadagy-genocidti-boldyrmau-usin-saralar-qabyldaudy-buiyrdy/