Нетаньяху БҰҰ сотының Газадағы геноцид туралы шешіміне жауап қатты
Жарияланған күні:
Читать на русскомИзраиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Гаагадағы халықаралық соттың Газадағы геноцид жөніндегі шешіміне елдің ұстанымын білдірді. Бұл жөнінде РБК-ға сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ хабарлайды.
Израиль үкіметі басшысының мәлімдемесі Telegram арнасында жарияланды. Басылым оның сөзін аударып ұсынды.
Нетаньяху Израильдің өзін-өзі қорғауға базалық құқығы бар екенін және Газа секторында геноцид жасады деген айыптаулар ашындыратынын айтты.
"Израильдің өзін-өзі қорғауға базалық құқығы бар. <...> Израильді палестиналықтарға қарсы геноцид жасады деп айыптау шындыққа жанаспай қоймай, ашындырады", - деді Нетаньяху.
Премьер-министрдің айтуынша, Израиль жағы әділ соғыс жүргізіп жатыр және палестиналық ХАМАС қозғалысын жеңгенше және Газа секторында содырлар кепілге алған барлық адамдарды қайтармайынша тоқтамайды.
Еске салайық, осыған дейін Гаагадағы халықаралық сот Израиль Геноцид қылмысының алдын алу және жазалау туралы конвенцияны бұзуы мүмкін әрекеттерін тоқтатуы керек деп шешкен еді.
Басылым хабарында Конвенцияның 2-бабында геноцид этникалық топ мүшелерін қасақана өлтіру, оларға ауыр дене немесе психикалық зиян келтіру, олардың толық немесе ішінара физикалық жойылуына әкелетін осындай өмір сүру жағдайларын әдейі жасау, сондай-ақ осы топтағы бала тууды болдырмауға бағытталған шаралар екені жазылған.
Оңтүстік Африка Республикасы өткен жылдың желтоқсан айында БҰҰ сотына Израильге қарсы шағым түсірген. Ол Израильді 1948 жылы қабылданған Геноцидтің алдын алу және жазалау туралы конвенцияны бұзды деп айыптады. Іс бойынша алдын ала тыңдау 11 қаңтарда басталды.
Жұма күні Халықаралық сот Оңтүстік Африканың Израильге қарсы арызы бойынша алғашқы шешім шығарып, Израильге Газа секторындағы геноцид әрекеттерін болдырмау, оған қатысы барларды жазалау және анклавтағы гуманитарлық жағдайды жақсарту үшін қажет шараларды қабылдауды бұйырғанын жазған едік.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2057804-netanyaxu-buu-sotynyn-gazadagy-genocid-turaly-sesimine-zauap-qatty/