Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Новости русской службы Би-би-си

"Жапония аруы" байқауында жеңіске жеткен украин қызы атақтан неге бас тартты

Жарияланған күні:

Каролина Сиино
Каролина Сиино. Фото: instagram.com/karolina0824

"Жапония аруы-2024" байқауының жеңімпазы, Украинадан шыққан жапон қызы Каролина Сиино бұл атақтан бас тартты. Бұл туралы ақпаратты Би-би-сидің Украина қызметіне қыздың анасы растады. Мұндай жайт байқау тарихында алғаш рет болып отыр.

26 жастағы Каролина Сиино екі апта бұрын Жапонияда өткен сұлулық байқауында жеңімпаз атанды. Осыдан кейін бірден қыздың этникалық шығу тегіне қатысты дау туды.

Каролина Украинаның Тернополь облысында дүниеге келген. Кейін ата-анасы ажырасып кеткен соң бес жасында Жапонияға көшіп келген. Анасы жапон жігітіне тұрмысқа шыққан, Каролина өгей әкесінің тегін алған.

Ол Жапония азаматтығын қабылдап, сұлулық байқауында жеңіске жеткен алғашқы қыз атанды. Каролина Жапония азаматтығын 2022 жылы ғана алған. "Жапония аруы" атанған соң Сиино: "Мені көп рет жапон қызы ретінде қабылдаған жоқ, бірақ бүгін мені жапон қызы ретінде мойындағанына зор алғыс айтамын" деген еді.

Бұл мәселеге қатысты әлеуметтік желілерде жапондардың пікірі екіге бөлінді: кейбірі азаматтық алған қыздың жеңісін қолдады, кейбірі ол Жапонияның дәстүрлі сұлулық идеалдарын көрсете алмайтынын айтқан.

Дегенмен дау мұнымен тоқтаған жоқ.

Күні кеше Shukan Bunshun журналы мен басқа да жапон басылымдары Каролина Сииноның үйленген адаммен көңіл жарастырғанын жазды.

Алғашында байқауды ұйымдастырушылар Сиино ер адамның үйленгенін білмегенін айтқан. Алайда дүйсенбіде қыз сүйіктісінің некеде екенін, оның отбасы туралы білетінін мойындағаны мәлім болды.

Сиино өзінің Instagram-парақшасында жапон тілінде мәлімдеме жасап, жалған сөйлегені үшін кешірім сұрады.

"Маэда мырзаның әйеліне, отбасына және барлық қатысы бар адамға келтірілген ыңғайсыздық үшін кешірім сұраймын. Агенттікке дәл жауап бермедім. Абыржу мен қорқыныш шындықты айтуға мүмкіндік бермеді", - делінген жазбада.

Бұған қоса ол атақтан бас тартатынын жазды. Байқау ұйымдастырушылары оның шешімін қабыл алды.

Енді "Жапония аруы" атағы жыл соңына дейін бос қалады, алайда байқау қорытындысы бойынша вице-мисс атағын бірнеше қыз иеленген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2059660-zaponiya-aruy-baiqauynda-zeniske-zetken-ukrain-qyzy-ataqtan-nege-bas-tartty/