Кремль өкілі Путиннің атышулы журналист Такер Карлсонға сұхбат бергенін растады
Жарияланған күні:
Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Владимир Путиннің атышулы америкалық журналист Такер Карлсонға сұхбат бергенін растады, деп хабарлайды ТАСС-қа сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
Кремль өкілінің айтуынша, Батыс БАҚ-тары кейінгі екі жылда Ресей президентінен сұхбат алуды бірнеше рет өтінген, бірақ "олардың сыңаржақтылығына байланысты мұның еш мәні болмаған".
"Иә, мен мұны растаймын. Сұхбат дайын болғанда жарияланады", – деп жауап берді Дмитрий Песков.
Песков Такер Карлсонның Путинмен кездескенін және Ресей президентінен жеке сұхбат алғанын атап өтті.
"Сұхбат қашан алынды?" деген сұраққа баспасөз хатшысы былай деп жауап берді: "Мен біреудің алдына түсіп кеткім келмейді, қалай дегенмен бұл – оның сұхбаты, сондықтан жариялауға дайын болғанда, ол барлық егжей-тегжейін өзі айтатын шығар".
Песков "Карлсонның Ресейді жақтамайтынын, бірақ оның ұстанымы англосаксондық БАҚ көзқарастарынан ерекшеленетінін" тілге тиек етті.
Еске салайық, бүгін атышулы америкалық журналист Такер Карлсон Ресей президенті Владимир Путинмен сұхбатын жариялады.
Журналист Мәскеуге осы мақсатпен арнайы ұшып келгенін және Ақ үй оның жоспарын екі рет: үш жыл бұрын және өткен айда бұзбақ болғанын айтты. Кейінірек АҚШ президентінің баспасөз хатшысы Карин Жан-Пьер журналистің бұл мәлімдемесін жоққа шығарды.
Былтыр сәуірде Fox News жұлдызды жүргізуші Такер Карлсонның кететінін хабарлаған болатын. Американың кабельдік телеарнасы қысқаша мәлімдемесінде жұмыстан шығарылу себебін түсіндірмеді, тек арна мен жүргізушінің жолы екі жаққа кететінін айтты.
Такер Карлсон Fox-қа 2009 жылы келді. Ол 2016 жылы өзінің жеке кешкі шоуын жүргізе бастады.
Fox News-ке қосылмас бұрын, Карлсон CNN және MSNBC-де шоуларды жүргізді, содан кейін GOP-тың бұрынғы саяси кеңесшісі Нил Пателмен бірге Daily Caller сайтының негізін қалады.
Карлсонның кететіні туралы хабар пайда болғаннан кейін Нью-Йорк қор биржасында Руперт Мердоктың Fox Corporation акцияларының бағасы үш пайыздан астамға арзандады.
Кейінірек Карлсон Twitter-де өзінің жеке шоуын бастайтынын хабарлады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2059704-kreml-okili-putinnin-atysuly-zurnalist-taker-karlsonga-suxbat-bergenin-rastady/