Трамп Ресей агрессиясын қолдап шыға ма: АҚШ билігінің реакциясы
Жарияланған күні:
Читать на русскомАҚШ президенттігіне кандидат Дональд Трамп альянс алдындағы қаржылық міндеттемелерін орындамайтын елдерге Ресейге "ойына келгенін істеуіне" жол беретінін айтып, НАТО-дағы одақтастарына сес көрсетті. Трамп бұл мәлімдемені сайлау алдындағы шарада жасады.
"НАТО мен келгенге дейін банкрот болған, - деді Трамп Оңтүстік Каролинада өткен митингіде. - Мен: "Барлығы төлейді" дедім. Олар: "Төлемесек, сонда да бізді қорғайсыңдар ма?" деді. Мен "жоқ" дедім. "Олар бұған сенген жоқ" (Трамптың CNN келтірген сөзі).
Трамптың айтуынша, "үлкен елдің президенттерінің бірі" бірде одан "Төлемеген күннің өзінде АҚШ бұрынғыша оларды Ресейдің басып кіруінен қорғай ма?" деп сұраған.
"Жоқ, мен сендерді қорғамас едім", - деп жауап берген Трамп президентке. - Шынында, мен оларға (Ресейге) ойына келгенін істеуге жол берер едім. Сен төлеуің керек. Шот бойынша төлем жасауың керек".
НАТО ұжымдық қорғаныс принципіне негізделген, оған сәйкес НАТО-ның бір мүшесіне жасалған шабуыл альянстың барлық мүшесіне жасалған шабуыл болып саналады.
Президент болған тұсында Трамп Америка Құрама Штаттары НАТО-дан шығуы мүмкін екенін бірнеше рет мәлімдеген. Оның сөзінше, Америка альянс бюджетіне қаражаттың қомақты үлесін төлеуге мәжбүр.
Сенбіде Ақ үй Трамптың бұл мәлімдемесін "есеңгірететін және ессіз сөз" деп атады әрі президент Джо Байденнің альянсты нығайтуға күш салғанын атап өтті.
Трамп өз мәлімдемесін нақты іске асыру ниеті бар-жоғын нақтыламады.
"Оның сөзі онсыз да Трамптың президенттікке оралуынан қауіптеніп отырған НАТО-ға мүше елдердің алаңдаушылығын тудыруы мүмкін", - деп жазады New York Times.
Жақында Такер Карлсонға берген сұхбатында Ресей президенті Владимир Путин бұл мәлімдемені "қарапайым адамдарға қорқынышты ертегі" деп, "Ресейдің Польшада, Латвияда және еш жерде мүддесі жоқ" екенін атап өтті.
Алайда бұл мәлімдеме Трамптың көптеген жақтасын қуантып отыр.
НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенбергтің сөзінше, "альянс мүшелері бір-бірін қорғамайды деген кез келген қауіпсіздікті, соның ішінде АҚШ қауіпсіздігін бұзады және америкалық және еуропалық сарбаздарды қосымша қауіпке ұшыратады.
2018 жылы Трамп кейбір еуропалық елдердің ішкі жалпы өнімнің 2 пайызына тең қорғаныс шығындарының келісілген квотасын орындай алмағанына наразы болғаны сонша, ол АҚШ-ты альянстан шығаратынын айтып, қорқытты.
НАТО елдерінің әскери басшылығы бұл сөзге тосырқай қарады. Егер АҚШ президенті мұндай қауіп-қатерді іске асыратын болса, ол альянсқа нұқсан келтіретіні соншалық, ол қазіргідей жағдайда жұмыс істеуін тоқтатады.
Ресейдің 2022 жылы Украинаға жаппай басып кіруі және дәл осындай мәлімдеме әсіресе Германияны қорғаныс шығындарын ұлғайтуға міндеттеуге итермеледі.
НАТО-ның жарияланған статистикасына сәйкес, АҚШ-тың әскери шығындары 2023 жылы ЖІӨ-нің 3,49 пайызына тең болған. Ұлыбритания 2,07 пайыз, ал Германия, Франция, Италия және Испания келісілген 2 пайыздық шекті деңгейден төмен қаражат төлеген.
Бір қызығы, Ресей шекарасына жақын орналасқан елдер пайыздық көрсеткіште ең көп ақша жұмсаған.
АҚШ-тың Республикалық партиясының мүшелері: "Неге Америка, ақша төлегесі келмесе, Еуропаны қорғау ауыртпалығынна жауапты болуымыз керек?" деген сұрақ қоя бастады.
Бірақ Трамптың мәлімдемесі НАТО да, жалпы Батыс әлемі де қиын кезеңдерді бастан кешіріп жатқанын ескерсек, өте қауіпті болып қала береді. 2023 жылдың жазындағы украиналық шабуыл іс жүзінде сәтсіз аяқталды.
Ресей әскерлері оккупацияланған аумақтарды мықтап ұстап, украиндарды Донбасстан біртіндеп ығыстырып жатыр. Мәскеу өз экономикасын соғыс жағдайына бейімдеп, ұлттық табысының 40 пайызға жуығын қорғанысқа бағыттап, Украина қорғанысын жеңу үмітімен сапасы төмен қару-жарақты өте көп мөлшерде шығарды.
Польша мен Балтық жағалауы елдері Владимир Путин Украинадағы әскери мақсаттарына қол жеткізгеннен кейін, Ресей армиясы күш-қуатын қалпына келтіріп, небәрі үш жылдан кейін шабуыл жасайтынына сенімді.
Олардың басты үміті НАТО Жарғысының 5-бабында, оған сәйкес альянстағы кез келген елге жасалған шабуыл бүкіл блокқа жасалған шабуыл болып саналады.
Егер Мәскеу өз танктерін шекара арқылы, айталық, Эстонияға жіберуге шешім қабылдаса, бұл НАТО-ның жаппай реакциясын тудырып, үшінші дүниежүзілік соғысқа әкелуі мүмкін.
Егер Трамп президент атанса, бұған айқын көз жеткізуге болады.
Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/world/2060407-tramp-resei-agressiyasyn-qoldap-syga-ma-aqs-biliginin-reakciyasy/